|
24.04.2023 | 16:03
2620

Қатерлі ісік: онколог дәрігер басты себебін атады

Егер қатерлі ісік 1-сатысында анықталса, сауығу мүмкіндігі жоғары

Қатерлі ісік: онколог дәрігер басты себебін атады Фото ашық дереккөзден

Алматы онкологиялық орталығы консультативтік-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Наиля Ақжолова жастарда қатерлі ісіктің қандай түрлері кездесетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, онкология негізінен егде жастағы, әсіресе 60-65 жас аралығындағы адамдарға қауіп төндіреді, бірақ оның кейбір түрлері 35 жасқа толмаған және одан жас адамдарда да кездеседі.

«Соңғы үш онжылдықта қатерлі ісік бүкіл әлем бойынша күрт «жасара» түсті. Алматыда онкологиялық аурулар, мысалы, сүт безі обыры, жатыр мойны, тоқ ішек, ұйқы безі ісігі жастар арасында жиі кездесетін болды»,  дейді маман.

Наиля Ақжолова атап өткендей, соңғы бірнеше онжылдықта орташа тамақтану, өмір салты, дене салмағы, қоршаған орта әсері және микробиома (ағзада өмір сүретін бактериялардың алуан түрі) айтарлықтай өзгерген.

Қатерлі ісіктің ерте дамуына батыстандырылған диета мен өмір салты — май мен көмірсудың шамадан тыс мөлшері, өңделген тағам (дайын тағам мен фастфуд) және аз қимылдайтын өмір салты сияқты факторлар әсер етеді.

Әсіресе, жастар арасындағы артық салмақ тоқ ішектің қатерлі ісігіне алып келеді дейді онколог. Май жасушалары гормон мен өсу факторының жоғарылауына әкеледі. Бұл жасушалардың тезірек бөлініп, тиісінше, обыр жасушаларының пайда болу ықтималдығы және ісіктің дамуына соқтырады.

Жыл сайын қант диабетімен ауыратын науқастардың санының өсуі ұйқы безі қатерлі ісігі статистикасының өсуіне әкелді.

«Сонымен қатар, сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан жас қыздардың саны артты. Отбасылық анамнезден басқа, қауіп факторларына жаман әдет, майды шамадан тыс қабылдау, түсік түсіру және эстрогенді ұзақ уақыт қолдану жатады. Бұл жерде сүт безі ісігінің алғашқы белгілері жиі өзін-өзі диагностикалау кезінде анықталатынын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, жатыр мойны обыры да жасара түсті. Менің ойымша, бұл жыныстық революцияға байланысты. Бүгінде жыныстық дебют жасайтын қыздың орташа жасы 16 жасқа дейін төмендеген. Бұрын 30 жастан асқан әйелдерде жатыр мойны обыры болғаны есімде жоқ. Бұл нонсенс еді. Бүгінде бізге 18-25 жас аралығындағы қыздар жүгінеді. Сондықтан мектептерде ақпараттандыруды күшейту керек, отбасында адамгершілік негіздерін беру қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ ағзасында адам папиллома вирусы бар әйелдер ауырады», деп толықтырды Наиля Ақжолова.

Дәрігердің айтуынша, бойжеткендер жатыр мойны обырын анықтауға көмектесетін зерттеуден үнемі өтіп тұруы керек.

Қорытындылай келе, Наиля Ақжолова аурудан сәтті арылу үшін өз денсаулығыңызды күтіп, тұрақты түрде профилактикалық тексерулерден өтіп тұру маңызды екенін тағы бір рет еске салды.

«Егер қатерлі ісік 1-сатысында анықталса, сауығу мүмкіндігі 90%-ды құрайды. Қатерлі ісік бастапқы кезде жасырын, дамудың айқын белгілерінсіз өтетінін ұмытпау керек.

Ерте диагноз өмірді сақтайды!»,  деді дәрігер.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир