Орталық қалалық клиникалық орталығында дәрігерлер Тараз қаласынан келген 63 жасар әйелдің екі аяғының тізе буынына толық эндопротездеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ОҚКА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқас 4 дәрежедегі пішін өзгертетін гоноартрозға ұшыраған. Ол аралас контрактура диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Ота алдымен оң аяғына, 7 айдан кейін сол аяғына жасалды. Әр операция 2 сағатқа дейін созылды. Екі операция да жақсы өтті.
«Ең бірінші оң аяғыма ақпан айында операция жасалды. Менде аурудың 4 дәрежесі болған, үйге жеткен кезде екінші аяғым ауыра бастады. Клиника жұқпалы стационарға қайта қалыптасқан себепті, мен тез арада емханаға жата алмадым. Ашылған сәттен бастап келдім де жаттым. Содан маған операция жасалды. Адамдарға денсаулық сыйлайтын ақ халатты абзал жандарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Осы кісілердің арқасында жүре аламын. Сіздерге көп рахмет!» – деп айтты пациент көзіне жас алды.
«Тізе буынын протездеген кезде зақымданған тізе «жасанды тізе буынына ауыстырылады». Сонымен қатар сүйектің үсті металлдан және пластиктен жасалған имплантантпен қапталады. Пациентке жүргізілген екі операция жақсы өтіп, қазіргі уақытта оңалтудан өтіп жатыр», – деді ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Тәуекелов.
Сондай-ақ, операцияның тегін, МӘМС тарапында өткізілгенін атап өткен жөн.
«Азаматтар МӘМС жүйесіне қосылу арқылы өзін-өзі денсаулыққа жұмсалатын шығындардан сақтандырады. Олар ай сайын шама-шарқынша жарна төлеп, медкөмекті қажетінше пайдалана алады. Мысалы, КТ, МРТ-ға түседі немесе осындай құны миллион теңгеден асып-жығылатын жоғары технологиялық операция жасатады. Медициналық сақтандырудың артықшылығы да осында», – деді Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.