Ажалмен арпалыс: Алматылық дәрігерлер күрделі ота жасап, науқасты аман алып қалды

12.08.2022 21:08

Науқас кеудесінің екі жағынан, ішінен, екі қолы мен аяғынан жарақат алған

пресс-служба ГКБ №7

Алматыда 15 жерден пышақталған 23 жастағы қыз жедел жәрдем бригадасымен Алматының №7 Қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Науқас кеудесінің екі жағынан, ішінен, екі қолы мен аяғынан жарақат алған.  Саладарынан қан айналымының 2/3 бөлігін жоғалтқан. Ол дереу жан сақтау бөліміне жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Дәрігерлер науқастың сол жақ өкпесі және сол жақтағы кеуде қуысы, артерия мен аш ішек жарақатымен іш қуысының тесілгені, екі қол мен аяқтың бірнеше рет кесілгенін анықтады.

"Хирургтардың, реаниматолог-анестезиологтардың үйлесімді және жылдам жұмысының арқасында науқасқа күрделі ота жасалынды. Операция кезінде жалпы көлемде 1,5 литр донорлық қан құйылды. Науқаста асқазан артериясы да зақымдалған және көп қан кетуден өлім қаупі өте жоғары болды. Науқасты уақытында жеткізбеген жағдайда, қайғылы жағдай  болар еді", – деп түсіндірді №7 ҚКА №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Мәуленов.

Дәрігерлердің айтуынша, 23 жастағы қыздың екі өкпесі бірдей зақымдалған. Сол себепті тыныс алу жолдары қиындап, мидың гипоксиясына әкелуі мүмкін.

"Операциядан кейінгі кезеңде науқас 3 күн реанимацияда болды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін №1 хирургия бөліміне ауыстырылды. Бөлімшеде емделуші емнің толық курсын алды. 9 тәуліктен соң жалпы жағдайы жақсарғаннан кейін емхана хирургының бақылауына шығарылды" деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.