Корей дәрігерлері Алматыда балаларды тегін қарады

03.06.2019 22:40

2 жасөспірімнен қалқанша безінің ауруы, тағы 2-інен гипотериоз дерті анықталған

Алматыда Кореядан келген эндокринолог дәрігерлер балаларды тегін қарады. «Керуен-Medicus» клиникасында өткен шара аясында 23 жеткіншек маман кеңесін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соның ішінде екі жасөспірімнен қалқанша безінің ауруы, тағы екі баладан гипотериоз дерті анықталған.

«Қазір әлем бойынша балалар арасында аутоиммунды тиреодит, гипотериоз және қалқанша безі бойынша онкологиялық ауру кең таралып жатыр. Қазақстанда ондай көрсеткіш жоқ. Дегенмен оны өзге елдердегідей көбейіп кетпеуі үшін алдын-ала осындай тексерулер өткізіп тұрған дұрыс», – деді Ёнсе университеті жанындағы «Каннам северанс» клиникасының профессоры Ким БОПУ.

Айта кету керек, тегін тексерістен өткізіп қана қоймай, клиника балалардың барлығына сыйлық табыс етті.