Отасыз емдеу: «Гамма-пышақ» жайлы не білеміз

Отасыз емдеу: «Гамма-пышақ» жайлы не білеміз
ТМД елдері арасында алғаш болып Қазақстан қолдана бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді елімізде мидың зақымдануларын және ісіктерін ешқандай күрделі отасыз емдеуге болады. Елордадағы Ұлттық нейрохирургиялық орталыққа «Гамма-пышақ» деп аталатын ерекше қондырғы жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv

Бүгінгі таңда әлемде мұндай 400-ге жуық радиотерапиялық кешен бар екен. Оның тең жартысы АҚШ пен Жапонияда орналасқан. ТМД елдері арасында алғаш болып Қазақстан қолдана бастады.  

Шәмшінің әні. Науқастың көңілі жай. Дәрігерлер де отаның сәтті не сәтсіз өтетініне алаңдамайды. Мидағы дендеген дертті енді Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары бұрынғыдай кесіп, тесіп, жалпы наркоз беріп сағаттап қиналып ота жасамайды. Мұның барлығы жақында орталыққа жеткізілген Гамма-пышақтың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл қондырғы мидағы ісікті, тамырлы және функционалды ауруларды ауырсынусыз, науқастың денесіне зиян келтірмей емдейді.

«Науқасты ем жүргізгеннен кейін келесі күні үйіне шығарамыз. Ол қалыпты өміріне оралып, жұмысқа шыға алады. Біз бір науқасты бір уақытта 7 ісігін бірден емдеп шықтық. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, 7 дәстүрлі ота мен бір мезетте 3 сағаттың ішінде 7 ісікті осы Гамма-пышақпен емдеу өзіңіз көріп отырғандай айырмашылығы орасан зор»,– деді Нейрохирург Нұрзат Сығай.

Бүгінгі күні осы аппаратпен 18 адамға ота жасалыпты. Нәтижесі 6 айдан кейін белгілі болады, дейді дәрігерлер. Сәбит Рахымжанов орталыққа дертіне дауа іздеп келген көп жанның бірі. Бір жарым жыл бұрын миында ісік бар деген диагноз қойылыпты. Ендігі бар үміті мамандар мақтап отырған замануи қондырғыда.

«Биыл қаңтарда басыма ота жасады. Содан кейін облыста қаралдым. Енді бүгін сәті түссе, осында ем алам»,– деді науқас Сәбит Рахымжанов.

Нейрохирургиялық орталық дәрігерлері бұл қондырғының бірнеше тиімділігі барын айтады. Біріншіден,  еліміздегі көптеген науқастардың ауруын асқындырмай аман алып қалуға мүмкіндік туады. Екіншіден медициналық туризмді дамытуға жол ашпақ. Шекаралас елдерден де ем іздеп келетіндер көбейеді деген үміттері де бар.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров