Былтыр стоматологиялық емханалардағы қызмет сапасына 6 шағым түскен.
Санитарлық дәрігерлер Алматыдағы стоматологиялық емдеу орталықтарында бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2018 жылы қоғамдық денсаулықты бақылау қызметі 23 стоматологиялық емхананы тексерген болатын. Олардың 20-сында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұзылғаны анықталды. Оның ішінде медициналық қоқысты жою, медициналық жеке кітапшаларды толтырғандағы заңбұзушылықтар, кабинеттерді қажетті құралдармен жабдықтау жолға қойылмаған.
Сондай-ақ, бөлмелерді ылғалды тазалау, ауаны зарарсыздандыру жүргізілмеген.
«Былтыр одонтогенді асқыну туралы 12 шұғыл хабарлама келген. «Элит-Косметик-Дент» ЖШС тексеру кезінде санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, стерилизация режимі сақталмаған. Медбикенің гепатитке қарсы маркері тапсырылмаған. Медициналық қалдықтар дұрыс жойылмаған. Сонымен қатар терапиялық кабинетте ауадан зеңді саңырауқұлақ табылды», - деді қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің баспасөз қызметі.
Былтыр стоматологиялық емханалардағы қызмет сапасына 6 шағым түскен. Олардың бірі бойынша «Алматы орталық стоматологиялық емханасы» ЖШС жүргізілген тексерулерге байланысты айыппұл салынды.
«Экодент» ЖК иесіне қатысты сот процесінің басталғанына байланысты бір шағым есептен алынды, «Clinic Dr.Vovk» ЖК келтірілген шағым негізсіз деп танылды.