АПВ екпесінің маңызы қандай - маман пікірі

16.08.2024 21:29

Қыркүйекте 11 жастағы жасөспірім қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау басталады

Сгенерировано ИИ

Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы егу денсаулық сақтау саласындағы, әсіресе жасөспірім қыздар үшін барған сайын өзекті тақырып болып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- АПВ - жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктің негізгі себебінің бірі. Сондықтан вирустың алдын алу өте маңызды, - дейді №36 қалалық емхананың дәрігері Қарлығаш Қалиева.

Дәрігер егудің негізгі себебін жатыр мойны обырының алдын алу деп санайды, өйткені адам папиллома вирусы - осы аурудың дамуының негізгі қауіп факторы.

Жыныстық белсенділікке дейін аталған екпені егу вирусты жұқтыру мүмкіндігін толығымен жояды, қатерлі ісік ауруының даму қаупін азайтады.

- Клиникалық зерттеулер көрсеткендей, адам АПВ тасымалдаушысымен байланыста болмаса, вакцина 91-100 пайыз тиімді. Бұл екпені денсаулықты қорғаудағы маңызды қадамға айналдырады, - дейді Қарлығаш Қалиева.

АПВ екпесі қауіпсіз және төзімді. Ықтимал жанама әсерлер әдетте жеңіл әрі қысқа мерзімде өтеді. Вакцина ұрпақты болу функциясына әсер етпейтінін ескеру маңызды.

АПВ екпесі міндетті күнтізбеге енгізілген елдерде жатыр мойны обырының сырқаттанушылық деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл аталған екпе егу бағдарламасының жоғары тиімділігін көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2024 жылдың қыркүйегінен бастап ата-ана келісімімен 11 жастағы жасөспірім қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау басталады.

- 2024 жылдың қыркүйегінде басталатын науқан ата-ана мен қалың қауымның қолдауы мен түсінуін талап етеді. Вакцинация жатыр мойны обырынан болатын аурушаңдық пен өлім-жітімді айтарлықтай төмендетуі мүмкін, бұл болашақта аталған мәселені толығымен жою туралы айтуға мүмкіндік береді, - деп түйіндеді дәрігер.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында 200-ден аса адам қауіпті дертке шалдыққан