Ойынға ойсыз құмар: лудоманиядан айығуға бола ма

rehabcenterindore.com
rehabcenterindore.com
Бұл туралы Ринат Мұзафаров айтып берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» Халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ринат Мұзафаров Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ойынға тәуелділіктің алдын алу және оның салдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сарапшының айтуынша, лудомания диагнозымен 10-ға жуық адам есепке тіркелген. Есепке ауыр, созылмалы, ауруы асқынған адамдар алынатыны атап та өтті. Орталыққа адам өзі жүгінген жағдайда, көмек есепке қойылмай көрсетілетінін де атап өтті.

"Егер адам құмарлыққа ермей ойнап жүрген болса, онда біз оны есепке ала алмаймыз. Есепке алу үшін оның тәуелділігі болуы және жағымсыз салдарға ұшырауы қажет. Барлық көмекті көрсету үшін бізде инфрақұрылым да, мамандар да бар. Алайда адамдар осы бағытта көмек алу үшін мемлекеттік ұйымдарға жүгіне бермейді", - деп атап өтті ҚР ДСМ "Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы" Халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ринат Музафаров.

Р. Музафаровтың айтуынша, тәуелділік химиялық және химиялық емес болып екіге бөлінеді. Егер біріншісіне алкоголизм, нашақорлық пен токсикомания кірсе, екінші санатқа лудомания жатады.

"Лудомания диагнозын қою оңай болғанымен, оны емдеу өте қиын. Мұның бәрі адамның ойынға қанша уақыт бөлгеніне байланысты. Әдетте, адамның өзі бастапқыда тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Құмар ойындарға бейімділік бастапқыда жеңіл жолмен пайда табу ниетінде басталып, одан эмоционалды байланып, кейін толығымен тәуелді болып қалады. Көп жағдайда, құмар ойын ойнайтын адам қоғамнан алыстап кетпейінше, туыстары да, достары да қатты дабыл қаға қоймайды", - деді спикер.

Лудомандар қарызға ақша алып, отбасы мен жақындарын тартып, қарызға белшесінен батып жатады.

"Тәуелділікті оқшаулау арқылы емдеу керек. Жалғыз айырмашылығы, бұл жағдайда нашақорлықпен ауыратын науқастар сияқты химиялық детоксикация қажет емес. Мұнда психо-әлеуметтік оңалту жүргізу қажет. Ең бастысы, адам тәуелділіксіз өмір сүруді үйренуі керек. Яғни, тәуелділіктің орнына ол ары қарай өз өміріне бейімдейтін басқа да жағдайларды ұсыну қажет", - деп қорытындылады Р. Мұзафаров.

Новости партнеров