Дәрігерлер жаңа туған нәрестенің өмірі үшін 107 күн күресті

26.01.2023 21:41

Ол өткен жылдың 11 қазанында жүктіліктің 25 аптасында дүниеге келген

Almaty.tv

Алматы дәрігерлері 107 күн салмағы 510 грамм жаңа туған нәрестенің өмірі үшін күресті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығынан жаңа туған нәресте шығарылды, ол өткен жылдың 11 қазанында 510 грамм салмақпен жүктіліктің 25 аптасында дүниеге келген.

«Үйде менде қағанақ суы кетіп қалды, мен бірден жедел жәрдем шақырдым, олар мені осы орталыққа алып келді. Мұнда маған барлық тексерулер жүргізілді, содан кейін менде толғақ басталды. Мен өзім босандым, баланы туылғаннан кейін бірден реанимацияға алып кетті», – дейді баланың анасы.

1,5 ай бойы орталықтың анестезиологтары баланың өмірі үшін күресті. Дәрігер неонатолог-реаниматолог Анель Бейсееваның айтуынша, нәресте 30 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратында болған және барлық қажетті медициналық көмекті жүргізгеннен кейін ғана ол өкпені инвазивті емес желдетуге ауыстырған. 38-күні бала өздігінен дем ала бастады.

«Сәби анасымен бірге қырқынан шыққанша ауруханада болған. Біз «қырқынан шығару» рәсімін өткіздік, баланы жуындырдық, тырнағын, шашын алдық, жалпы осы рәсім көздейтін барлық іс-әрекетті жасадық. Әрине, сондай-ақ реанимация ұжымы ана мен балаға өз тілектерін білдірді», – деп бөлісті Анель Бейсеева.

Бала қарқынынан шыққан соң терапия палатасына ауыстырылды. Бөлімшенің емдеуші дәрігері Гульмира Желдибаеваның айтуынша, оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағалаған.

«Барлық қажетті терапиядан кейін біз оның жағдайын тұрақтандырдық. Бала шала туылғандықтан, балада ретинопатия анықталды. Офтальмолог көру қабілетін түзету операциясын жасады, ол сәтті өтті. Бүгінгі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық, бала өздігінен емеді, салмақ қосып жатыр. Қазір оның салмағы 2710 грамм. Бүгін ол үйіне шығарылады. Әрине, болашақта бала амбулаторлы түрде мамандармен қаралады», – деп атап өтті ол.

Өз кезегінде сәбидің анасы барлық медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Мен осы орталықтың дәрігерлеріне ұлымның өмірін сақтап қалғаны үшін шын жүректен алғыс айтамын. Егер олар болмаса, не болатынын да білмеймін. Олар өздерінің кәсібилігімен балаларымызға өмір сыйлайтын ақ халатты нағыз періштелер. Әрине, мені барлық жағынан, әсіресе моральдық жағынан қолдаған медбикелер мен санитарларға да үлкен рахмет», – деп бөлісті баланың анасы.