Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы 5 есеге артуы мүмкін

29.02.2024 01:43

Әзірленген заң жобасы әзірге күшіне енген жоқ

Unsplash

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы 5 есеге артуы мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Қазақстанда қазір 850 мың теңгеден көп жалақы алатындар саны ресми 500 мыңнан асады. Демек, бұл өзгеріс халықтың тек 9 пайызына ғана қатысты болмақ. Қалғаны сол баяғыдай табысының екі пайызын төлей береді. Еңбекақысы жоғары азаматтар бүгінге дейін айлығы шайлығынан аспайтындармен тең жарна төлеп келген. Бұл тәртіп енді өзгереді. Жалдамалы қызметкер болса, ол үшін жұмыс беруші қорға жалақының 3 пайызын аударады. Қалған 2% азамат өзі төлейді.

- Егер де сіздің айлығыңыз 1 млн теңгеден асатын болса, 850 мың теңгеден асатын болса, жарна 850 мың теңгеден ұсталады.  Осы базалық нысанды 50 айлық есептік көрсеткішке ауыстырды. Егер 1 млн 200 мың теңге табыс болса, бұрынғыдай 850 мыңнан емес, 1 млн 200 мың теңгеден ұсталады, - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасының басшысы Ақтолқын Сұлтанова.

Маманның айтуынша төлемнің шекті мөлшері 10 ең төменгі жалақыдан 50-ге көтерілген. Ал МӘМС-тің негізгі жарнасы өзгерген жоқ. Мұны ай сайынғы аударым төлемімен шатыстырмаған жөн.

Өзгерісті сақтандыру қорындағылар да құптап отыр. Себебі жоғары жалақы алатындар мен табасы аз адамдарда теңдік болмауы керек деп есептейді. Ал қаржы саласының сарапшылары жүйеде нақты қадағалау жоқ дейді. Қарашаның жылдап жиналған қаржысы өзінің еміне емес, өзгенің қалтасына кетіп жатыр деп алаңдайды.

- Мұндай жүйені қолданғанымызға 4-5 жыл болып қалды. МӘМС қоры бастықтары бұл мәселеге бәй-жай қарағаны белгілі болады. 4-5 жылда бірнеше бастық өзгерген. Біреуі жемқорлықпен ұсталып, енді бірі басқа мәселелермен кеткен. Біздің жаңа Үкімет істі өте қатаң қолға алып, бар күшті халықтың денсаулығына, медициналық ұйымдардың жақсы жұмыс істеуіне бағыттауы керек, - дейді экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев.

Асхат Аймағамбетов те міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарнаны көтергенімен, қызмет сапасы бұрынғыша қалады деген ойда. Депутат ендігі кезекте төлемдегі санды емес, қызметтегі сапаны өзгерту керек дейді.

- Негізі, біз МӘМС дегенде оның жүйелі проблемаларын көруіміз керек. Қазіргі уақытта МӘМС-ке қанша ақша құйсаң да, оның тиімді, нәтижелі болуы екіталай. Сондықтан бастапқы жүйелі мәселелерді шешіп алмайынша, тек азаматтардың жарнасын өсіру тиімді шешім емес деп санаймын, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 243 миллиард теңге қажет. Жетпейтін қаржыны толықтыру үшін жаңашылдықты енгізу тиімді дейді министрлік өкілдері. Әзірленген заң жобасы әзірге күшіне енген жоқ. Егер ол қабылданса, МӘМС-ке ең жоғарғы аударым жұмыс берушілер үшін 25 мың теңгеден 127 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Ал қызметкерлер аударымы 17 мыңнан 85 мың теңгеге дейін өзгереді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы, Астана