Себебі, «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы шаруамызды қыспаққа алды дейді кәсіпкерлер. Ведомство осы жылдың маусым айында өндіріп отырған тауарларының сапасын көрсететін сертификаттарын жарамсыз деп тапқан. Нәтижесінде, кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап, жабылудың аз алдында қалыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«СК-Фармацияның» жағдайы түсініксіз болып жатыр. Жыл сайын бізге бір проблема шығарып отырады. 2015 жылдан бастап баға көтерілмей, қайта бізден 12 пайызды алып тастады. Жеңілдік сияқты. Бірақ бізге түсініксіз. 35 адамды жұмыстан қысқарттық. Цехтарды демонтаж жасап, құрал-жабдықтарды қоймаға шығардық», – деді кәсіпкер Қайрат ҚАЙМОЛДАЕВ.
Енді өндірісімізді кеңейтіп, тауарларымыздың санын көбейтеміз ба деп отырғанда «СК-Фармация» аяғымыздан шалып отыр дейді кәсіпкерлер. Жұмысымызды жеңілдетіп бір жағымызға шығудың орнына, жыл сайын бітпейтін қағаздың санын көбейтті дейді. Кесірінен шаруалары шатқаяқтап, жабылудың аз алдында қалыпты.
«Қиналып, отандық өнімді қысқан бір жағдай халықаралық сертификаттарымыз мойындамай, қабылдамаймыз деп, мемлекеттік сертификат деді. Осы саладағы жалғыз оператор «СК-Фармация» осылай дегенде, шынымен шырылдап кеттік», – дейді кәсіпкер Бағлан БАҚҚҰЛОВА.
Шырылдаған кәсіпкерлердің жанайқайына «СК-Фармация» өкілдері керісінше қолдау білдіріп отырмыз дейді. Тек екі жыл бұрын заңнаманың өзгеруіне байланысты талап күшейген. Әзірге кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алуғаларға еш кедергісіз қатыса алады. Бірақ бизнесмендер көп ұзамай ұлттық сертификат алып, техникалық тексерістен өтулері керек екен.
«Қазіргі уақытта бұл мәселе уақытша шешілді. Техникалық қадағалау комитеті хабар жіберді. Мәселе бүгінде екі заңнаманың қайшылықтарына байланысты. Өз тарапымыздан бұл заңнамаларға өзгерістер енгіземіз деп уәде береміз. Отандық өндірушілерден бұл сертификатты қабылдап жатырмыз. Бірталай өндірушілермен кездесу өткіздік. Осы аптада тағы да бес өндірушімен кездесіп шартқа отырамыз», – деді «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік ШӘРІПҰЛЫ.
Осылай деген жауапты маман ертең кәсіпкерлермен тағы да келіссөздер өткізбек. Отандық өндірушілердің талабы орынды дейді. Алдағы уақытта бәрі оң шешімін тауып, кәсіпкерлер өндірісін кеңейте түседі деп уәде берді.
Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы