|
30.03.2022 | 17:10
4708

Қазақстанда алғаш рет ДДСҰ медициналық көмек платформасы ашылды

Демонстрациялық алаң мамандарға халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді

Қазақстанда алғаш рет ДДСҰ медициналық көмек платформасы ашылды Almaty.tv

Қазақстанда алғаш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі платформасы ашылды. Еңбекшіқазақ ауданындағы емханада іске қосылған демонстрациялық алаң мамандарға халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Медициналық мекеменің ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен Ұйымның Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Түрлі аурулардың алдын алу, диагностика, дерттің негізгі себебімен күресу, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл – медициналық-санитарлық алғашқы көмектің негізгі қағидаттары. Ал Қазақстан бүгінде аталмыш салада көшбасшы болып отыр. Игі бастамаға Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұрындық етіп, тиімді жобаны Алматы облысында іске қосты.

«Алғашқы медииналық көмектің жаңалықтарын дүниежүзімен бөлісіп тұрмыз. Ол жаңалықтар бізде бар. Бүгінде алғашқы медициналық көмектің қызметкерлері халыққа медициналық қана емес, әлеуметтік, психологиялық көмек те көрсетіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматыдағы офисінің осы ауруханаға келіп, оқыту шараларын өткізіп жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

«Бұл платформаның негізгі мақсаты – алғашқы медициналық-санитарлық көмектің іс жүзінде қалай тиімді жұмыс істейтінін көрсету. Бүгінде Қазақстанда бұл сала жақсы дамып келеді», - деді ДДСҰ МСАК жөніндегі Еуропалық орталығы кеңсесінің басшысы Мелитта Якаб.

Еңбекшіқазақ ауданында ашылған бұл демонстрациялық алаң елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін дамытуға бастама болып отыр. Яғни, қажетті ресурсы жоқ ауылды аймақтардың өзінде осындай платформаның ашылуы медицинада алғашқы көмекті түбегейлі трансформациялауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұнда шетелдік мамандарды халықаралық деңгейде оқыту көзделген. Өзбекстан Қазақстанның тәжірибесін ең бірінші болып енгізбек.

«Біз демонстрациялық платформаны дамыту үшін Испания, Швециямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Дегенмен бұл бастамада Қазақстан бірінші мемлекет ретінде таңдалды. Өйткені біз медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша көшбасшы және кәсіпқой елдердің жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне септеспек ниеттеміз. Ал Қазақстан бұл саланы ілгерілетуде жаһандық деңгейде алда тұр. Сол үшін ризашылығымды білдіремін», - деді ДДСҰ Еуропалық бюросының аймақтық директоры Ханс Клюге.

Жалпы ДДСҰ мен Қазақстан Үкіметі алдағы төрт жылда кешенді жұмыс жасауды көздеп отыр. Бұл ретте еліміз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі бойынша білім алмасқысы келетін 20 мемлекеттің мамандарын қабылдап, тәжірибе бөлісуді жоспарлауда. 

Аяулым Көлжігіт, Айдана Нұраш, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир