Алматыда мерзімі өткен дәрі-дәрмекті қабылдау науқаны басталды

17.04.2024 21:52

Бұл бастама мерзімі өтіп кеткен дәріні дұрыс кәдеге жарату және оның қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы емханаларында «Алматы - ортақ үйіміз» науқаны аясында тұрғындардан мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмекті қабылдау мерзімсіз науқаны басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл бастама мерзімі өтіп кеткен дәріні дұрыс кәдеге жарату және оның қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған.

Көбіміз мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмекті қалай дұрыс жою керек екенін білмей, үйде сақтап жатамыз. Нәтижесінде мұндай дәрі қоршаған ортаны ластау көзіне айналуы немесе денсаулыққа кері әсер тигізуі мүмкін.

Бұл науқан тұрғындарға мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмекті қауіпсіз жоюға көмектесу үшін ұйымдастырылған.

Ол үшін әр емханада арнайы жәшік орнатылған.

Тұрғындар мұндай жәшіктер қай емханада орнатылғаны туралы ақпаратты Almaty.kz сайтынан ала алады.

Аталған жәшіктерге:

- тұтас күйінде блистерде таблеткаларды;

- тығыз байланған пакетте қаптамасыз капсула таблеткаларды;

- тығыз байланған пакетте анализге арналған банкаларды;

- сұйықтығы бар флакондарды: сироп, тамшы және т.б. Егер ол ағып жатса, оны тығыз байланған пакетте;

- тұтас және қолданылған ампулаларды тығыз байланған пакетте;

- жақпа, гельдер, қақпағы болмаса тығыз байланған пакетте салуға болады.

Бетперде, қолғап, аяққап, шприц және инесі бар инъекциялық жүйелер, пайдаланылған таңғыштар (жабысқақ пластырь, дәке, мақта) қабылданбайды.

Біз барлық тұрғынды осы бастамаға қосылып, салауатты және таза қоршаған ортаны сақтауға үлес қосуға шақырамыз.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.

Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.

Науқанның белсенді қатысушыларына арналған әлеуметтік желідегі хэштегтер: #АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз.