Мамандар қауіпті індеттің үй жануарларынан тез жұғатынын айтты
Атырау облысында соңғы 2 жылда эхинококкоз жұқпалы инфекциясымен ауыратындар саны күрт өскен. Қауіпті инфекция әсіресе 30 бен 35 жастағы ересектер арасында тараған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандар қауіпті індеттің үй жануарларынан тез жұғатынын айтып, дабыл қағуда. Дерт құрт дернәсілдері арқылы да тарайды. Дәрігерлер эхинококкоздың әсіресе 14 жасқа толмағандар арасында жиілегеніне алаңдатып отыр.
– Эхинококкоз – жануарлардан жұғатын ауру. Ол үй жануарларынан жұғады. Үйде кіргенде қол жуу керек. Жеке бастың тазалығын сақтау керек, – деді Атырау қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Қадыржан Оразғалиев.
Көп жағдайда эхинококкоз ісіктері профилактикалық медициналық тексеріс кезінде немесе басқа шағыммен қаралған кездерде анықталып жатады. Ауру жұққан кезден бастап оның алғашқы белгiлерi бiлiнгенге дейiн кем дегенде жарты жыл, ал кейде 3 жылдан 10 жылға дейiн уақыт өтуi мүмкiн.
– Бірінші, инфекция бауырға орналасады. Былтыр ауруханада 17 ота, биыл 3 ота жасалды. 30-35 жас аралығындағы науқас көп түсіп жатады, – деді облыстық аурухананың хирургі Аманқос Қуанышев.
Айта кетейік, эхинококкозды емдеу тек стационарда жүргізіледі және оған ешқандай халықтық емдеу тәсілдері көмектеспейді. Сондықтан эпидемиологтар тазалықты сақтап, ауру белгілері пайда бола сала маман кеңесіне жүгіну керек екенін ескертеді.
Ұлағат Арғын, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылша ауруы асқынып барады