19 маусым – медицина мамандарының төл мерекесі. Халықтың денсаулығы, медицинаны қолдау және саламатты өмір салтын ынталандыру еліміз үшін қашанда маңызды басымдықтардың бірі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, назардан тыс қалған емес. Нәтижесінде ауруханалар заманауи құралдармен жабдықталып, ақ халатты абзал жандардың әлеуеті артты. Дертке дәру дарытқан дәрігерлердің ұлт саулығы жолындағы ерен еңбегі жайында Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын әңгімелейді.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Осы уақыт аралағында тоқтаусыз дамып келе жатқан медицина саласындағы жетістіктер аз емес. Өткен ғасырда бірнеше жыл денсаулық саласын басқарған Төрегелді Шарманов тәуелсіздік алған жылдары қандай тәуекелдерге қадам басқаны мен ел болу алдындағы қиын шақтары әлі күнге дейін есінде. Академик Қазақстанда бұрын-соңды болмаған емхана жүйесін енгізді. Осыдан кейін шалғай ауылдар мен елді мекендегі тұрғындар үшін медциналық көмек қолжетімді бола бастады.
«Алматы конференциясының негізгі қағидасы – адам қай жерде жүрмесін алғашқы медициналық көмек қолжетімді болуы керек. Сондықтан да амбулаторияларғы учаскелік больницалардың барлығын таратып, көп жерлерде орналастыру еді. Оның біреуін өзім басқардым», – деді Қазақ тамақтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.
Қазіргі медицинаның ұстанған бағыты – дәлдік пен нақтылық. Елімізде жүрекке ашық ота жасайтын бірегей жоғары технологиялар бар. Соның бірі Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы. Мұнда жылына түрлі бағытта бес мыңға жуық күрделі операция жасаладды. Жалпы кез келген мемлекеттегі медицинаның даму деңгейі трансплантация жасаумен бағаланады.
«Қазір біздегі медицина шет елдерден асып түспесе, кем түспейді. Бұрын біз өз қызметкерлерімізді өзге елге тәжірбие алмасуға жіберетін болсақ, қазір өзіміз басқаларға үйрете алатындай дәрежеге жеттік. Осы ауруханаға Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан сынды алыс-жақын елдерден бізге мамандар келеді. Бұл да болса тәуелсіздіктің үлкен жетістігі деп айтар едім», – деді А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының хирургі Пашали Асланов.
Гүлзира Мұхаметжанқызы – медицина саласында 16 жылдан бері тер төгіп келеді. Қарапайым мейірбикеден бүгінде аға мейірбекеге дейін өсті. Соңғы жылдары медбике ісін дамыту үшін ауқымды шара қолға алынғанына қуанады. Олар қазір дәрігер бұйырығын орындаушы ғана емес терең білімді маман саналады. Бұрын орта біліммен шектелсе, қазір оқимын деген жастар үшін мүмкіндік көп дейді.
«Қазіргі таңда мен осы жылы бакалавриат мамандығын алып шықтым. Енді бізге магистратура, докторантураны оқуға болады. Бұрын ондай жоқ болған», – деді қалалық шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасының аға мейірбекесі Гүлзира Боранбаева.
Соңғы жылда әлемді жайлаған қауіпті індет медицина саласына қатты әсер етті. Бұл, вирустың жаңа түрі болғандықтан, дәрігерлер қандай ем-шара қолданарын білмей жатты. Көзге көрінбейтін, тәж-тажал зерттеліп үлгермей, адамдардың бірі ауыр науқасқа шалдықса, енді бірі көз жұмды. Сонда да түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей адам жанына араша болған дәрігерлердің еңбегі қашан да ерен.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы