Дәрі-дәрмектік көмек науқасқа медициналық көмек көрсетілген сәттен бастап берілуі керек
№11 Қалалық емханасының бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Айтбаева МӘМС және ТМККК аясында кімдерге тегін дәрі-дәрмек алуға болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маманның айтуынша, дәрі-дәрмектік көмек науқасқа медициналық көмек көрсетілген сәттен бастап берілуі керек.
"Белгілі бір аурулары мен жағдайы бар диспансерлік есепте тұрған науқастарды амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Мысалы, темір жетіспеушілік анемиясы бар бала туатын жастағы әйелдер темір препараттарын, Атеросклерозбен ауыратын және диспансерлік есепте тұрған науқастар өздерінің ауруларына қарсы антикоагулянттар мен басқа да препараттарды қабылдай алады. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған белгілі бір жағдайы бар науқастарға, мысалы, психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар науқастарға, ағзалары мен тіндерін трансплантациялаудан кейінгі науқастарға тегін дәрі-дәрмек беріледі", - дейді ол.
Гүлмира Айтбаева тегін дәрі-дәрмек алу үшін учаскелік дәрігерге келу керектігін айтады. Ол рецепт жазып береді. Содан кейін жеке басын куәландыратын құжатты көрсете отырып, дәріханадан дәрі-дәрмекті ала алады.
Тегін алуға болатын дәрілік заттардың тізімі ҚР ДСМ № 75 бұйрығымен бекітілген.