Алматылық дәрігерлер сирек кездесетін дертке сәтті ота жасады

30.09.2022 22:07

Лапароскопиялық спленэктомия дәстүрлі қуыс ішілік хирургияның балама түрі

Almaty.tv

№7-ші қалалық клиникалық аурухананың хирургтары сирек кездесетін дертке сәтті ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өте күрделі, сирек кездесетін  «Идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура, үздіксіз қайталанатын прогрессивті ағым (Верлгоф ауруы)» диагнозымен, 26 жастағы пациент жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылды. Аурухана түскен кезде тері астындағы гематомалар мен терінің көгеруіне, орташа әлсіздікке, мезгіл-мезгіл бас ауруына, ұйқышылдыққа және дене салмағының артуына шағымы болды. Бұл туралы Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі хабарлады.

Науқастың айтуынша, «Идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура» диагнозын гематолог алғаш рет 2021 жылы қойған. Пациентке гематология бөлімшесінде бірнеше рет гормондық терапиялық ем жүргізілген, кейіннен амбулаториялық деңгейде ем қабылдаған. Емдеу нәтижесі уақытша қысқа мерзімге ғана әсер еткен, тромбоциттердің  жоғарылауы  қысқа ғана уақытқа жеткен, соңынан төмендеуі қайталана берген. Науқастың  дертін  хирургиялық жолмен шешу үшін №7 қалалық клиникалық аурухананың гематолог дәрігері, клиниканың  хирургтарының консилиумына қарауға жіберді. №2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Мұса Меңдібайұлы Сахипов «Лапароскопиялық мануалдық спленэктомия» оперативтік емдеу тәсілін ұсынды.

Лапароскопиялық спленэктомия дәстүрлі қуыс ішілік хирургияның балама түрі. Бұл әдіс дәлелденген, тиімділігі жоғары, аз  жарақатты және науқастың тез оңалып кетуіне әсер етеді.

Бұл күрделі және жауапты операция. Оны жүзеге асыру үшін тиісті түрде заманауи  үлгіде жабдықталған операциялық бөлменің болуы және операция жасайтын хирургтардан біліктілігі аса жоғары және қолдары машықтанған болуы қажет.

Операция жасаушы білікті хирургтар тобы – профессор М.М. Сахипов, көмекші ассистенттер – Ф.Т. Стамқұлов  және А.Н.Таубалдиев., анестезиолог – М.Б.Лекеров және операция жасау бөлімшесінің мейірбикесі – Жұлдыз; ота сәтті жасалды. «Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық – үйге шығаруды жоспарлап отырмыз. Біздің клиникада көрсеткіштер бойынша қан және көкбауыр ауруларында іштің алдыңғы қабырғасына 3-4 рет пункция жасалғаннан кейін  лапароскопиялық мануалдық спленэктомия  жасалып келеді»-деді №2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Мұса Сахипов.

№7 Қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлерінің жоғары кәсіби шеберлігінің және клиниканың тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің арқасында операция жоғары деңгейде жүргізілді. Операциядан кейінгі асқынулардың қаупі барынша азайды, операциядан кейінгі ауруханада болу мерзімі қысқарды.