Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Қазақстан дәрігерлерін қолдайды

20.03.2020 22:07

Институт пациенттерді өз профилі бойынша қабылдауға және емдеуге дайын

Фото 24.kz

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Қазақстан дәрігерлерін қолдап, пациенттерді өз профилі бойынша қабылдауға және емдеуге дайын, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін ынтымақтастық білдіріп, барлық күшімізді салайық! Бүгін барлық қазақстандық қоғам күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр.  Инфекцияның таралып кетуіне жол бермеу үшін өз денсаулықтарын қауіпке тігіп, профилактикалық жұмыспен айналысып жатқан, оқшауланудағы адамдарды тікелей бақылап, коронавирус инфекциясы анықталған пациенттерге медициналық көмек көрсетіп, өз жұмыс орындарында тәулік бойы жұмыс істеп жатқан әріптестерімізге оңай болып жатқан жоқ. Біз әріптестерімізді қолдап және олармен бірге екендігімізді айтқымыз келеді. Осы сырқатпен күресуде кез келген сәтте көмек беруге дайын екендігімізді білдіреміз" - деп жазылған хабарламада.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ еліміздің барлық өңірлерінен кардиологиялық, кардиохирургиялық, терапевтік, эндокринологиялық, пульмонологиялық, ревматологиялық, аллергологиялық, гастроэнтерологиялық, гематологиялық аурулармен келетін   пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсетеді. 

"Алматыда ағымдағы жылғы 19 наурызда карантин жарияланып және қаланың бірқатар медициналық ұйымдары провизорлық емдеуге жатқызу орны ретінде белгіленгенін ескере отырып, біздің институт  қызмет көрсету бейіні бойынша алматылықтарды қабылдауға және емдеуге дайын. Біз өзіміздің кәсіби дайындығымызды көрсетіп және барлық күшімізді табандылықпен сала отырып осы қиын жағдайдан лайықты шығатындығымызға сенеміз. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз! Адам өміріне баға жетпейді. Біз біргеміз!" - деп жазылған хабарламада.