Алматылық дәрігерлер салмағы 1 кг сәби мен оның анасын аман алып қалды

05.04.2024 22:08

Әйелдің өмірі үшін №4 қалалық клиникалық аурухананың гинекологтары, реаниматологтары, терапевтері, хирургтары және кардиологтары күресті

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Александра ауыр екі жақты субтотальды вирустық-бактериялық пневмония диагнозымен №4 қалалық клиникалық ауруханада емделіп жатқанда төртінші баласын дүниеге әкелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жүкті әйел бас ауруы, қан қысымының жоғарылауы, ентігу, әлсіздік шағымдарымен қабылдау бөліміне түскен. Онда екі жақты субтотальды пневмония анықталды. Терапевтер консультацияға гинекологтарды шақырды. Науқаста ауыр преэклампсия диагнозы, 26 апта жүктілік мерзімі анықталды. Әйел дереу жансақтау бөліміне жатқызылды, одан әрі емдеу және тексеру қатаң түрде жансақтау бөлімінде жүргізілді, сонда клиникалық, зертханалық және аспаптық тексерулер жүргізілді, бірнеше жалпы қалалық консилиум өткізілді», - дейді Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана гинеколог дәрігері Анжела Умаркулова.

Қалалық консилиум науқасты алдағы 48 сағат ішінде кесарь тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдады. Мамандардың алдында науқас пен оның баласын аман алып қалу міндеті тұрды.

Осы мақсатта №2 перинаталдық орталықтан акушерлік-неонаталдық бригада шақырылды. Кесарь тілігі №4 қалалық клиникалық аурухананың оталық бөлімдерінің бірінде жасалды.

Салмағы 1 кг 400 г қыз бала дүниеге келді, нәрестені неонаталдық бригада қабылдап, жаңа туған нәрестелерге арналған арнайы инкубаторда баланы одан әрі күту үшін перинаталды орталыққа жеткізді.

«Босанған әйелдің жағдайы өте ауыр деп бағаланып, ол одан әрі емделу үшін №4 қалалық клиникалық ауруханада қалдырылды. Мұнда науқас 12 күн болды. Осы уақыт аралығында критикалық көрініс бірнеше рет қайталанып, реаниматологтар барлық асқынуды түзетіп, оны тұрақты жағдайға жеткізді. Әйелдің жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды», - деп атап өтті №4 қалалық клиникалық аурухананың гинекологы Анжела Умаркулова.

Көпбейінді стационарда босану стандартты жағдайға жатпайды, сәби акушерлік көмек ерекше ұйымдастырылған арнайы  жағдайда дүниеге келу керек. Александраның ауыр халін, диагноздың ауырлығын және ана мен баланың өміріне төнген қауіпті ескерген дәрігерлер ауруханада кесарь тілігін жасады.

Әйелдің өмірі үшін №4 қалалық клиникалық аурухананың гинекологтары, реаниматологтары, терапевтері, хирургтары және кардиологтары күресті.

«Ауыр акушерлік анамнез. Созылмалы анемия. Ауруханадан тыс екі жақты субтотальды ауыр вирусты-бактериялық пневмония. Тыныс алу жеткіліксіздігі. Пневмоторакс. Созылмалы артериялық гипертензия. Жүрек жеткіліксіздігі. Диффузды токсикалық алқым ісуі. Гипертиреоз. Декомпенсация. Гестациялық қант диабеті» - бұл дәрігерлерді тік тұрғызған «тосынсыйдың» толық жиынтығы емес.

Қазір Александра мен оның сәбиінің өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ. №2 қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері баланы шығаруға дайындап жатыр. Толық сауығып кеткен анасы перзентханаға қызына барған.

«Қазір медицинаны жалқаулар ғана сынамайды. Ал мен мені және жаңа туған қызымды аман алып қалған Алматы дәрігерлеріне рахмет айтып, шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Маған төртінші кесарь тілігін екі тамаша дәрігер – №2 қалалық периналдық орталық директорының емдеу бөлімі бойынша орынбасары Куренова Гульнара Байбусыновна және №4 қалалық клиникалық ауруханаға жетекшілік ететін ҚРМУ профессоры Бодыков Гани Жандиярович жасады. Менің мерзімінен екі ай  бұрын шала туған, салмағы 1482 грамм, қызымды №2 қалалық перинаталдық орталығының неонатологы Сарбас Айнұрым Әліпбайқызы қабылдады, ал менің өмірім үшін №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде күресті жалғастырған бөлім меңгерушісі Дәулетбеков Жандос Шымыртайұлы мен реанимация дәрігері Болатов Қайрат Әділбекұлы болды. Өзімді жақсы сезінген соң гинекология бөлімшесінің дәрігері Кевирова Зухра Тлевалдиевнаның бақылауында болдым. Екі бөлек аурухананың дәрігерлерінің бірлескен іс-әрекеті үлкен ұйымдастырылған жұмыс. №4 қалалық клиникалық аурухана әкімшілігіне: директор Досмаилов Біржан Серікбекұлына, оның орынбасарлары Биконуров Нұржан Омарұлы мен Райымжанов Тимур Тахирұлына ерекше алғысымды білдіремін.

Әлеуметтік желі заманында қателескен дәрігерлердің атын атап, әр қателігін ашып жазып, абыройын түсіруден қорықпаймыз!  Біз қашан соңғы рет дәрігердің ауыр жұмысын бағалап, оған жай ғана «рахмет» деп ризашылығымызды білдірдік?! Бізге жақсылық жасағандардың аты-жөнін біле бермейміз, бірақ мен әдейі уақыт тауып, барлық құтқарушыларымның лауазымы мен есімін біліп алдым - бұл алғыстың белгісі ретінде менің қолымнан келетін ең азы», - дейді алматылық Александра Роздина.