Маймыл шешек ауруы әлемнің 14 еліне тарады

24.05.2022 22:09

Германияда бұл кесел 6 адамнан анықталды

lentka.com

Маймыл шешек ауруы әлемнің 14 еліне тарады. Бұған дейін Африкада анықталған эндемиялық вирус бүгінде Еуропаның бірқатар мемлекеттері мен Солтүстік Америка, Канада, Австралияда да тіркеліп отыр. Германияда бұл кесел 6 адамнан анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осыған байланысты ел билігі карантин жариялап, вакцина жеткізу мәселесін қарастыруда. Ал елімізде Денсаулық сақтау министрі шетелге баруды жоспарлаған отандастарымызға ескерту жасады.

«Бұл маймыл шешегі деген ауру ертеден белгілі. Ең бірінші, бұл ауру 1958 жылы Данияда зертханада маймылдардан табылған. Негізінен маймыл шешегі өте жеңіл өтетін ауру. Симптоматикасы тұмауға ұқсас дерт. Бас ауырады, сосын температура болып, қызу көтеріліп, денесі ауырады. Бірақ айырмашылығы - денеге жаралар шығып кетеді. Енді оның таралу жағдайы - денедегі сұйықтар арқылы жұғады. Сілекей, денеге шыққан шешектің сұйығы бар, сол қарым-қатынас болғанда жұғады. Бірақ кеше 92 адам болған, бүгін 100-ден асып кетті дейді. Өте жеңіл өтеді. Алайда, қиын өтетін болса, адам баласы соқыр болып қалуы мүмкін. Содан кейін иммундық жүйесі өте төмен, кәрі адамдар да соқыр болып қалуы мүмкін», –  деді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі Серік Тұрсын.

Бірақ кеше Дүниежізілік Денсаулық сақтау ұйымы бұл дертке қарсы вакцина салудың қажеті жоқ деді. Ел министрлігі де Қазақстанда бұл ауру тіркелмегенін айтты.

«КОВИД-19 сияқты таралып кетуі мүмкін емес. Өйткені мына денедегі сұйықтықпен контакт болуы керек қой. Яғни, адамдар бірге, жақын болуы керек жұғуы үшін. Екіншіден, бұл адамның шешегіне салынған екпелер бар ғой. 1972 жылдан бері салынып келеді. Сол екпеден шыққан антидене осыған көмектеседі. Сондықтан, әрине, ондай адамдарды бөлмесіне оқшаулап, жеке ұстау керек. Әрі қарай алшақтықты ұстану керек. Қолдарын жуып, гигиенаны естен шығармаған жөн. Егер басы ауырып, қызуы көтеріліп, денесінде қотыр секілді бөртпе шығып, суланып тұрған жарасы бар адам болса, онда олар туралы бірден хабарлап, орталықтардың инфекция бөліміне жатқызып, жекелендіру керек. Ем жоқ», – деді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі Серік Тұрсын.