|
08.02.2019 | 17:22
3906

Алматыда өткен жылы шала туған нәрестелер саны 470-ке жеткен

Алматыда өткен жылы шала туған нәрестелер саны 470-ке жеткен

Өткен жылы Алматыда 44 мыңнан аса нәресте дүниеге келсе, олардың 470-і шала туған. Айы-күні жетпей өмірге келген сәбилерді аман алып қалу мүмкіндігі жылдан-жылға артып келеді дейді ақ халаттылар. Ал шала туға сәбилердің аман қалу мүмкіндігі қаншалықты? Almaty.tv тілшісі толығырақ тарқатады.

Айтолқын есімді нәрестенің бұл орталықта жатқанына 40 күннен асты. 820 грамм болып туған шақалақтың қазіргі салмағы – 1 кг 200 грамм. Алғашында аман қалуы екіталай болған сәби қазір емін-еркін демалып, анасының сүтімен қоректеніп жатыр.

«Қазіргі жағдайы жақсы, өзім қарап жатырмын. Басында қарауға қорқатынмын, тым кішкентай еді, қазір ширап қалды», – дейді жас ана Айгерім ТҰРЫСБАЕВА.

Орталықта қазір Айтолқыннан өзге, ерекше күтімді қажет ететін 46 бала жатыр. Ал өткен жылы дәрігерлер 800-ден аса сәбиді аман алып қалыпты. Биыл шала туған нәрестелердің ішіндегі ең кішкентайы 750 грамм болған екен. Мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтар арнайы кювездер мен термо-кереуеттерге жатқызылады. 

«Өткен жылы 815 бала уақытынан бұрын туылған болатын, солардың 90-ының салмағы 1000 грамға дейін болды. Ондай нәрестелер бірден жансақтау бөліміне ауысады. Ол жақта респираторлы көмекті қажет ететін балалар жатады», – деп түсіндіріп өтті Алматы қаласы Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы нәрестелер патология бөлімшесінің дәрігері Әсел АМАНЖОЛҚЫЗЫ.

Оттегіні қажет етпейтін балалар жансақтау бөлімінен патология бөліміне ауыстырылады. Қазір мұнда 39 бала жатыр. Соның бірі – Айлин. Оның салмағы 2 300 грамм, қазіргі уақытта жағдайын қалыпты деуге болады.

Бүгінде шала туған балалардың күтіміне байланысты түрлі әдіс-тәсіл бар. Нәрестенің тезірек салмақ қосып, қалыпқа келуі үшін орталықта «кенгуру» терапиясы қолданылады. Яғни, шақалақты әкесінің немесе анасының кеудесіне қойып, біраз уақыт ұстайды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл әдіс анасы мен нәрестенің қарым-қатынасын жақсартып, баланың дене температурасына және анасында сүт көлемінің көбеюіне септеседі екен. Бір қызығы, орталықта ұзақ жататын нәрестелерді осында қырқынан шығарады.

«Балалар қырық күнге дейін жетпей, қыздар 40 күннен асқан кезде біз қырқынан шығарамыз. Яғни, ата-аналарының, өзінің туысқандарының қалауымен, рұқсатымен болады. Әр ұлттық өзінің салт-дәстүрлері бар, соған сәйкес қырқынан шығарып, шомылдырып, шаштарын, тырнақтарын алып, балаларды жуындырып қоямыз», – дейді Әсел АМАНЖОЛҚЫЗЫ.

«Біздің орталық базасында «Катамнез» кабинеті бар. Онда салмағы 1500 грамға дейінгі шала туған балаларға арнайы көмек көрсетіледі. Яғни, бір жасқа дейінгі балалар білікті мамандардың қарауында болады», – деді Алматы қаласы Перинатология жәіне балалар кардиохирургия орталығы директорының орынбасары Светлана ЛИСОГОР.

Алаңсыз ойнап жүрген Амелия есімді ханшайымның да туған кезде адам болып кетуі екіталай еді. Алғашқы екі баласын да айы-күні жетіп туған анасы шала туған қызын көргенде қатты қорыққанын айтады. Алайда, дәрігерлер мен дамыған медицинаның арқасында 1100 грамм боп туған шақалақ аман қалды дейді.

«Қызымды 28 аптасында шұғыл түрде босандым. Ауруханада қырық күндей жатып, ақыры ақ халаттылардың арқасында қызымызбен аман-есен үйге келдік. Балам дәл мына қуыршақ секілді өте кішкентай болды. Алақанға сыйып кететін. Тіпті, өзім де қай жағынан, қалай ұстарымды білмейтінмін. Қазір салмағы да, бойы да өз жасына сай. Қатарластарын қуып жеттік», – дейді Санам ХОДЖАКОВА.

Дәрігерлер соңғы жылдары шала туатын сәбилер саны көбейіп келе жатқанын айтады. Өткен жылы Алматының өзінде 45 мыңнан аса бала туса, соның 470-і – 500 бен 1500 грамм аралығындағы нәрестелер екен. Ал мерзімінен бұрын туған әлжуаз балалардың 70 пайызы аман қалған. Амелия секілді ерте туғандар ұдайы дәрігерлердің бақылауында болмақ.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир