Дәрігерлердің айтуынша, заманауи жабдықтар қажетті деректерді үш есе жылдам алуға көмектеседі
Ең ірі инвесторлардың бірі – Chevron компаниясы Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде 6 компьютерлік томографты табыс етті. Оның екеуі Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығы мен онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына берілді, деп хабарлайды Almaty.tv
Ал, қалған төрт құрылғы Қарағанды, Шымкент, Тараз және Орал қалаларына жіберілді. Ресми рәсімге еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. Ведомство басшысы осындай шетелдік ірі кәсіпорындардың дәрі-дәрмек және жабдықтармен қолдау көрсетуі – пандемиямен күресте айтарлықтай көмек болатынын атап өтті.
«Мен осындай жоғары технологиялық жабдықтарды Қазақстанның ауруханалары мен емханаларына қуана отырып табыстаймын. Себебі, біз бен Қазақстан халқының арасында 30 жылға жуық уақыт аралығында өте берік және табысты әріптестік қатынастар орныққан. Осы іс-әрекетіміз арқылы біз COVID-19-ға қарсы күресте Қазақстан халқына қолдау білдіргіміз келді», – деді «CHEVRON» компаниясы Еуразиялық бөлімшесінің директоры Джон Балтц.
Дәрігерлердің айтуынша, заманауи жабдықтар қажетті деректерді үш есе жылдам алуға көмектеседі. Сондай-ақ, сканерлеу уақытын едәуір қысқартып, дер кезінде нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді.
«Патологияның ерте диагностикасы – науқастарды сәтті емдеудің ең басты талабы. Бұл халыққа медициналық көмек көрсетуде және қызметтің қолжетімді болуына ықпал етеді», – деді «А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов.