Ол қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов ауруханаға барып, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші емделіп жатыр, деп жазды ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Бас дәрігер Еркін-Дәуір Құрманғалиевтің айтуынша, пациенттер әртүрлі аппараттарда, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді. Олардың көбіне газдан иістенген. Алайда барлығының жағдайы тұрақты, еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Премьер-министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
– Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін, - деді Әлихан Смайылов.
Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасына қандай көмек көрсетілетінін сұрады.
– Бұл - шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз, – деді премьер-министр.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Костенко кеншілерінің отбасына көңіл айтты