Мұндай ота мемлекет тарапынан қаржыландырылады
Елімізде есту қабілетінен айрылған жандарға ерекше тәсіл арқылы тегін ота жасалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биылдың өзінде мұндай операциялардың 300-ге жуығы өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Кохлеарлық имплантация есту қабілеті жойылған немесе туғаннан естімеген жандарға жасалады. Ота барысында жергілікті жансыздандыру енгізіледі. Ал оның жалпы анестезиядан ерекшелігі – науқас өзгелермен тілдесіп, айналасындағы қозғалысты сезіне алады.
Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейін де ешқандай ауырсыну болмайды.
«Кохлеарлық имплантация саңырау, төртінші дәрежелі есту қабілетін жоғалтқан науқасқа жасалады. Сонымен қатар бұрын есту аппаратын қолданып, еш өзгеріс байқамағандарға қажет. Ондай науқастар барлық аудиологиялық диагностикадан өтеді», – деді «№5 қалалық клиникалық ауруханасы» балалар оториноларингология орталығының меңгерушісі Тимур Шамшудинов.
Есту қабілетінен айрылған жандар мемлекеттік портал арқылы кезекке тұра алады. Аталған ауруханада биыл 130 ота жасалады деп жоспарланған, оның 80-ге жуығы аяқталды. Айта кету керек, ота мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
«Баламыз қазір 5 жаста. Отамыз өте сәтті өтті. Балаларымыз 1-2 сағаттың ішінде оңалып тез аяғына тұрып кетті», – деді ата-ана Райгүл Нускеева
Аталған операция еліміздің тек екі қаласында Нұр-Сұлтан мен Алматыда жасалады. Науқасқа кохлеарлық имплантация салынған соң, аппарат бір айдан кейін ғана іске қосылады. Ал нәтижесі науқастың жағдайына байланысты түрлі мерзім ішінде белгілі болады.
Ақбөбек Оралбек, «Алматы» телеарнасы