Алматының өзінде 200-ден астам адамға шашыранды склероз диагнозы қойылған
Бүгінгі күні елімізде 2 жарым мыңнан астам адам шашыранды склерозбен ауырады. Отандық мамандардың айтуынша, созылмалы дертті анықтау өте күрделі. Сол себепті бұл індетке шалдыққандар санының әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Ең қауіптісі – оның аяғы мүгедектікке алып барады. Алматының өзінде 200-ден астам адам созылмалы склерозбен ауырады. 2 ғасырлық тарихы бар дертпен елімізде күрес қалай жүргізілуде? Науқастар кай жерге көмекке жүгіне алады?
Шашыранды склероз – аутоиммунды ауру. Ол ми мен жұлынның жүйке талшықтарын жауып, қорғап тұратын арнайы қабатты зақымдайды. Ол жерге жарақат түскеннен кейін жүйке талшықтары өліп, оның арты мүгедектікке алып келеді екен. Өте күрделі, созылмалы бұл кеселдің бүгінгі күнге дейін тікелей даму көзі анықталмаған.
«Бір пайда болғаннан кейін біраз уақытқа жоғалып, екінші қайталанған кезде кейін өмірдің аяғына дейін жалғасады. Бір күрделісі – бұл дерттің түбі мүгедектікке алып келеді. Көз көру қабілеті нашарлайды, қимыл тепе-теңдігі нашарлайды, бұлшықеттің әлсіздеу, жалпы әлсіздік, ой қаблеті, сақтау қабілеті нашарлайды», – деді невропатолог Қарлығаш ҚҰЖЫБАЕВА.
Олеся Ташкеева бұл аурудың алғашқы белгілерін 2004 жылы сезе бастаған. Талай жылдар емдеу орталықтарының табалдырығын тоздырған. Тапсырған талдамалары мен зерттеулері еш нәтиже бермеген. Тек 15 жылдан кейін ғана оған «шашыранды склероз» диагнозы қойылыпты.
«Былтырғы жылдың тамыз айында арбаға таңылып қалған едім. Орнымнан тұрып, жүре алмай да қалғанмын. Сол кезде осындағы дәрігерлердің бірі маған Санкт-Петербургке барып, сондағы «Шашыранды склероз орталығынан» диагноз қойып кел деп кеңес берді», – деді қала тұрғыны Олеся ТАШКЕЕВА.
Бүгінгі күні Алматыда 200-ден астам науқас осы диагнозбен тіркелген. Түрлі зерттеулердің арқасында шыққан қорытындылармен бүгінгі күнде емнің бір ғана тәсілі табылыпты. Ал, Медеу ауданының бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығында орналасқан шашыранды склероз кабинетінде науқастар көмекке жүгіне алады. Мұнда дәрілердің көбі тегін берілгенімен, оларды оңалтатын орын болмай тұр.
«Қазір бұл протокол әзірленіп жатыр. Мен Нұр-Сұлтан қаласына жиі барып тұрамын. Өздері күтіп алады, бізді Денсаулық сақтау министрлігінде де жылы қабылдайды. Біздің жағдайымызды тыңдап, барынша көмек көрсетуге тырысады. Бірақ бұл өте ұзаққа созылып кетеді», – деді «Шашыранды склерозбен ауыратындарға қолдау көрсету» қорының президенті Татьяна ЕРМАШ.
«Шашыранды склероз» кабинетінде аурулар диспансерлік тізімге тұрады. Оларға ай сайын зерттеу, тексеру жүргізіледі. Бұл аурудың емі өте қымбат болғандықтан, мемлекет бұл науқастарға үлкен көмек көрсетеді екен.
«Барлығы 100 пайыз ем қабылдауда. Жылдағы емі жылда жалғасып, қандай бір нәтижелер береді. Кабинет құрамында, арнайы комиссия бар. Олар деңгейі нашарлаған науқасты сарапқа салып, оны емнің келесі сатысына ауыстырады», – деді невропатолог Қарлығаш ҚҰЖЫБАЕВА.
Дертке шалдыққандар «Шашыранды склерозбен ауыратындарға қолдау көрсету қорынан» заң тұрғысынан кеңес алып, психологиялық көмекке жүгіне алады.
Сая Меңдеке, Дина Жанабекова, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы