Сараптау барысында 58 емдеу мекемесі қызыл аймаққа іліккен
Медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерінің рейтингін жасады. Тексеріс барысында биыл алты айда медицина ұйымдары 218 мыңнан аса кемшілік жіберген. Жауаптылардың айтуынша, осы олқылық емдеу мекемелеріне кері әсерін тигізуі мүмкін, яғни оларға бөлінген қаржының бір бөлігінен қағылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еңбегіне қарай өнбегі. Енді бармақбасты көз қысты әрекетке барған мекемелер қаржыларының бір бөлігінен айырылып қана қоймай, қара тізімнен бір-ақ шығуы бек мүмкін. Медициналық сақтандыру қорының қызмет сапасын бақылау жұмыстары нәтижесінде медицина ұйымдарын шартты түрде: жасыл, сары және қызыл аймаққа бөліп қарастырмақ. Сараптау барысында 58 емдеу мекемесі қызыл аймаққа іліккен.
«Бүгінгі таңда мониторнингтік бақылау барысында емдеу диагностикалық шараларының стандарттарынан ауытқу байқалатындығын анықтадық. Және медициналық құжаттарды сапасыз толтыру байқалды. Сонымен қатар, емдеу-диагностикалық шараларының бағасын негізсіз көтеру жағдайлары да кездескен», – деді «Әлеуметтік медицианалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Қор бақылаушы орган ретінде кемшілік жіберген медициналық мекемелерге айыппұл салынады. Жарты жылда оларға бөлінген қаражаттан 2 миллиард 800 миллион теңге шегерілген. Заң бұзушылықтар үшін қайтарып алынған қаржы медицина ұйымдары арасында қайта бөліске салынады. Сөйтіп, бұл сома ең қажетті көмек түрлеріне жұмсалады.
«Бұл шараларды қолдану арқылы олар өздеріне бөлінген қаржының бір бөлігінен айырылады. Және осы медициналық мекемелердің арасында рейтингтік баға беріледі. Осы жылдың қорытындысы бойынша, жақсы көрсетілген медициналық мекемелер ынталандырылады. Олармен келісім шарт жасасқан кезде бөлінетін қаржының көлемі ұлғаюы мүмкін. Ал рейтингтік дәрежесі төмен медициналық мекемелермен келісім-шарт жасау болашақта мәселесі қайта қаралады», – деді «Әлеуметтік медицианалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Медициналық сақтандыру қорының жүргізген зерттеуі барысында сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеген мердігерлер тізіміне 98 медицина ұйымы еніпті. Оның 70 пайызы – жеке меншік клиникалар. Айта кетейік, келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Аталмыш бақылау сол жүйеде халыққа қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің сапасын арттырудың алғышарттары дейді қор қызметкерлері.
Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы