18 жасқа дейінгі балаларға күрделі тіс аурулары кезінде тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі. Және соңғы жылдары Алматыда мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке клиникалар саны екі есеге артқан. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіс емдеу қызметі арзан тұрмайтындықтан, стоматологиялық көмекке қатысты тұрғындар тарапынан сұрақ көп. Осыған орай Алматыда тісін тегін емдете алатын тұрғындар санаты жасалды. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардан бөлек, мегаполисте жүкті әйелдерге, мүгедектер мен зейнеткерлерге де тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі екен.
«Күрделі тіс аурулары кезінде 18-ге толмаған балаларға, кемтар жандарға, аяғы ауыр әйелдер мен зейнеткерлерге кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында ақысыз стоматологиялық көмек көрсетіледі. Ескеретін жәйт, зейнеткерлерді барлық жерде емес, тек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімге отырған емханаларда ғана тегін емдейді», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Ал тегін медициналық қызметтерге келер болсақ, Алматыда 1700-ден аса қызмет ақысыз түрде көрсетіледі. Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл тізімді енді халықтың құлағына жеткіземіз деді.
«2019 жылы Алматыда 88 жаңа учаске ашу көзделіп отыр. Бұл да ұзын-сонар кезектің азайып, дәрігерлердің жүстемесін төмендетуге мүмкіндік бермек», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әсел БИСЕНБАЕВА.
Алайда, дертіңізді тегін емдейтін емхана тапсаңыз да, алдымен өзіңіз тіркелген емханаға баруыңыз қажет. Яғни, сізге қандай тексеріс пен ем керек екенін бірінші учаскелік дәрігер анықтап, нұсқаулық жазып беруі тиіс.
«Биыл Алматыда 104 жекеменшік клиника мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін қызмет көрсетеді. Бұл – қала бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет ететін 185 емдеу мекемесінің 56 пайызы. Бүгінгі таңда Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы бойынша 77 емханамен келісімшартқа отырған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артып отыр», – деді Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Сонымен қатар, биыл науқастарға ыңғайлы болуы үшін ұялы қосымша әзірленіпті. Пациенттер аталған жүйе арқылы дәрігерге жазылып, зертханалық талдау нәтижелерімен таныса алады. Және қосымшаның көмегімен дәрігерді үйге шақыруға да болады. Осындай кешенді шаралардың арқасында науқастарға қызмет көрсету уақыты 20 пайызға, ал кезек күтуге кететін уақыт 30 пайызға қысқарған.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы