Astana Hub стартаперлері балалар қауіпсіздігіне арналған мобильді қосымша ойлап тапты

Astana Hub стартаперлері балалар қауіпсіздігіне арналған мобильді қосымша ойлап тапты
Астанада еліміздегі бизнес үдерістерді роботтандыратын шешімдердің таныстырылымы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Адамнан роботты шығарып, оның іс-әрекеттерін роботқа ұсыну. Бүгін елордадағы Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінде осы мәселе талқыға салынды. Қазақстандағы бизнес үдерістерді роботтандыруға арналған шешімдердің таныстырылымы өтті. Презентацияда жасанды интеллектіге негізделген жобалар ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бет-әлпетті, эмоциялар мен объектілерді тану, машиналық оқу мен талдау. Мұның барлығын жуық арада роботтар жасайтын болады. Нәтижесінде, мемлекеттік сектордағы қызметкерлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдей түспек. Құлтемірлер өтінімдерді өңдеп, ескертулерді жолдап, калькуляцияның ең күрделі түрлерін атқармақ.          

«Біздің компания Қазақстанда бұлттық есептеулер мен жасанды интеллект технологияларын дамыту стратегиясын әзірлеуде. Діттейтіні – технологиялар мен құралдарды «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында әрбір бағдарлама жасаушыға керекті жабдықтаманы қолжетімді ету. Отандық девелоперлер мен ІТ-стартаптарды дамытудың келешегі зор, өйткені талдау компаниялары жасанды интеллекттің бизнес ретіндегі маңыздылығын триллион долларға бағалап отыр», – деді «Microsoft Қазақстан» компаниясының бас директоры Тибор КОЛЕЯК.

Америкалық компанияны «Астана хабтағы» бірқатар жоба қызықтырған. Әсіресе, ақпараттарды өңдеу, бизнесті жедел ілгерілетудің тың идеялары ұнапты. Жалпы, «Астана хабта» 150-ден астам стартап бар. Олар бүгінге дейін 300 миллион теңгеге жуық инвестиция тартқан. Халықаралық технопарктің негізгі міндеті – ІТ саласындағы жас стартаптарға қолайлы жағдай жасау. Өнертапқыштарға кеңседен бастап, баспана мәселесі де қарастырылады. Ал шетелден келген азаматтарға виза, жұмысқа тұру, салықты төмендету немесе тіпті мүлдем жою сияқты қолдау көрсетілуде.

«Астана хабтың» осындай ғимаратта жастарды бір жерге жинап, «Microsoft», «Lenovo» сынды халықаралық деңгейдегі үлкен дәрежедегі ірі компания өкілдерімен жүздестіріп, олардың тәжірибелерімен алмасып отыруы – өте маңызды шаруалар. Ал ондай ірі компаниялар жастарға, бизнесті енді бастап жатқан стартаптарға баға жетпес білім-тәжірибесі бермек», – деді Astana Hub халықаралық it-стартаптар технопаркінің бас директоры Әділет НҰРҒОЖИН.

Асат Ашаманов досы екеуі «Астана хабтың» резиденті болып, акселератор бағдарламасынан өткен. Олар қараша айында балалардың қауіпсіздігіне қатысты мобильді қосымша әзірлеп шығарыпты.  

«Ішкі істер министрлігінің мәліметінше Астанада жеткіншектер жиі жоғалады. Бірақ олардың 95 пайызы табылады. Десе де, ата-ана үшін бұл үлкен психологиялық күйзеліс. Ал біздің қосымша баланың қайда жүргенін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Ол үшін күні бойы картаға қарап отырудың қажеті жоқ. Бала мектепке кіргенде, мектептен шыққанда, үйге жеткенде арнайы ескертулер келіп отырады», – дейді жобаның негізін салушы Асат АШАМАНОВ.  

Мобильді қосымшаның тағы бір жақсы тұсы – қауіп-қатер батырмасы бар. Бала қандай да бір оқыс жағдайға ұшыраса, экран бетіндегі SOS белгісін басса болғаны, ата-анасына дереу дабыл беріліп, тұрған жері нақтылана түседі. Ал ұялы телефон өшіп қалса, жеткіншектің соңғы болған орны көрсетіледі.

Соңғы уақытта елімізде жасөспірімдердің желі арқылы қауіпті ойындарға қатысып, өзіне зиян келтіретін парақшаларға жиі кіріп отыратыны көбейіп кетті. Бұл ретте қосымшаның тағы бір арнайы функциясын айтпай кетпеске болмас. Мәселен, оның арқасында ата-ана баласының қандай әлеуметтік желіге қанша уақыт бөлгенін бақылай алады.    


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров