Жыл басынан бері перинаталдық орталықта 76 егіз дүниеге келген
Дүние есігін ашқан үшемнің ата-анасы Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында тұрады. Бүгін ұлдарын шығарып алуға келген әкенің қуанышында шек жоқ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі nur.kz-ке сілтеме жасап.
- Өзім теміржолда жұмыс істеймін. Үшем болатынын естігенде қуандық. Нағашыларымда егіздер бар. Бізде үшем бірінші рет дүниеге келді. Әйелімнің арғы тегінде егіздер бар. Өзімнің, шынымды айтсам, қуаныштан басым айналып жүр, - дейді үшемнің әкесі Әсет Сатаев.
Үшемнің анасы Жарқынгүл Сатаева 35 жаста. Келіншек осыған дейін төрт баланы дүниеге әкелген.
- Жүктіліктің алтыншы аптасында үшем екенін білдім. Қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Әр шаңыраққа осындай қуаныш тілеймін, - деді Жарқынгүл Сатаева.
Келіншек перинаталдық орталыққа 12 қыркүйекте жүктіліктің 31 апталығында түскен. Дәрігерлердің айтуынша, перинаталдық орталыққа түскен келіншекті кесарь тілігі арқылы 12 сағаттан кейін босандырып алған.
- 13 қыркүйекте сағат 07:31-де кесарь тілігі арқылы салмағы 1700 гр, бойы 40 см болатын бірінші ұл Мүслім дүниеге келді. Екінші бала Мұстафа сағат 07:33-те салмағы 1350 гр, бойы 35 см, үшінші бала Мұхаммед 07:34-те салмағы 1470 гр, бойы 38 см боп туды. Ананың да, балалардың да жағдайы жақсы. Осы уақыт ішінде үшеуі 500-600 гр салмақ қосты, - деді перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлшат Темірбаева.
2023 жылдың 9 айында облыстық перинаталдық орталықта 5600-ден астам нәресте дүниеге келді. Оның 76-сы егіз, бір төртем дүниеге келген. Ал 2022 жылдың осы кезеңінде 91 егіз, бір үшем дүниеге келді.
Оқи отырыңыз: Оралда 3 жасар қыз сорпаға күйіп, балабақшаның басшысы қатаң сөгіс алды