Қала халқына қызмет көрсету үшін 39 жедел жәрдем көлігі жұмыс жасайды
Петропавлда облыстық жедел жәрдем орталығы әбден ескірген. Бір ғасырдан асқан нысанның қабырғалары жарыла бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – облыстық жедел медициналық жәрдем көрсету орталығындағы көліктер тұрағы. Жүргізушілер тар жерден қызметтік көліктерге жер таппайды. Олар қыста аязда, жазда ыстықта сыртта тұруға мәжбүр. 30 жылдан астам мекемеде жүргізуші болған Вячеслав Чернышовтың айтуынша, дизельмен жүретін техникаларды қатты суықта оталдыру оңай емес.
«Аязды күні біз көлікті мүлдем сөндірмеуге тырысамыз. Қазірдің өзінде сыртта тұрған көліктердің дауысын естіп тұрған боларсыз. Артымда тұрған көлікке қоңырау келіп, шұғыл кетсе, оның орнына сыртта тұрған көлік кіреді», – деді жедел жәрдем жүргізушісі Вячеслав Чернышов.
103-пультіне келіп түскен қоңырауды қабылдайтын орталықтың да жағдайы мәз емес. Ғимараттың қабырғалары әр жерінен жарылып тоз-тозы шыға бастаған. Медициналық көмек көрсету орталығы директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног жұмыс жасайтын жердің де тар екенін айтады.
«Гаражда көліктерге орын жетіспейді. Ал басқа станцияда мүлде көлік қоятын жер жоқ. Бәрімізге бірдей орын жетпейді», – деді СҚО Жедел медициналық көмек көрсету орталығы директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног
Жәрдем көрсету орталығын жаңалау керегін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы да білетінін айтты. Бірақ мұны білгенімен ғимараттың қашан салынатынын білмейді екен.
«Қазір Петропавл қаласының солтүстік бөлігінде екінші жедел жәрдемнің қосалқы станциясын салу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл мекемеге қатысты айтарым, жаңадан салу мәселесін немесе қолайлы ғимарат іздеуді қарастырамыз», – деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Петропавлда қала халқына қызмет көрсету үшін 39 жедел жәрдем көлігі жұмыс жасайды. Бұдан бөлек 16 көлік аудандарды аралайды. Айта кетейін, мамандар бір тәулікте 500-ге жуық өңір тұрғыны хабарласатынын айтты.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО