Бұдан былай Қазақстанда рецептсіз дәрі сатқан дәріханалар лицензиясынан айрылады

13.06.2019 22:54

Соңғы 3 жылда елімізде тіркелмеген жалған препарат сатудың 61 фактісі анықталған

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен сапасын қатаң бақылауға алмақ. Себебі елімізде соңғы жылдары жалған дәрі-дәрмек жиі сатыла бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл туралы бүгін Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова мәлімдеді. Бұдан бөлек, ведомство жетекшісі рецептсіз дәрілік заттарды сатқан дәріханалар лицензиясынан айырылатынын айтты. Себебі бүгінде елімізде сатылатын рецептілік дәрі-дәрмектердің 50 пайыздан астамы дәрігердің тағайындауынсыз саудаға түскен. 

Соңғы 3 жылда елімізде тіркелмеген жалған препарат сатудың 61 фактісі анықталған. Мұндай жағдайларды мейлінше азайту үшін және медициналық препараттардың құнын бақылау мақсатында рецептілік дәрі-дәрмекке деген бақылауды күшейту қажет. Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова жалған препараттардың көбі Ресей мен Еуропадан реэкспорт арқылы әкелінеді екен.    

«Өкінішке қарай, біздің нарыққа тек адал импортерлар емес, фальсификаторлар да үлкен қызығушылық білдіруде. Тәжірибе көрсеткендей, Ресей Федерациясында анықталған жалған өнімдердің басым бөлігі біздің елге де келді. Ал белгілі еуропалық компаниялардың жалған дәрі-дәрмегі тікелей келісімшарт бойынша емес, кері экспорт жолымен әкелінуде. Мұндай жайтты өндіруші зауыттардың өздері айтып отыр», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила БЮРАБЕКОВА.

Жалған болса да, қымбат тұратын препараттар гипертониялық дерттерді, асқазан ішек жолдары ауруларын емдеуге, холестерин деңгейін төмендетуге бағытталған.

Бұдан бөлек, баспасөз мәслихатында дәрігердің нұсқауынсыз сатылмайтын антибиотиктер мен психотроптық препараттардың кейбір дәріханаларда ешқандай құжатсыз ашық сатылғаны мәлім болды. Сондықтан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы бұған дейін оның бәріне де көз жұма қаралса да, енді дәрі-дәрмекті рецептісіз жіберген дәріханалардың аяусыз жазаланатынын мәлімдеді. Ондай дәріханаларға ескерту есебінде бастапқыда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынатынын, ал заңбұзушылық екінші мәрте қайталанса, оларды рұқсат қағазынан айыратынын айтты.  

«2017 жылы бізде 50 факт тіркелді. Олардың барлығына да, Әкімшілік кодекс бойынша шара қолданылды. Алайда, соның өзінде 2018 жылы ондай деректер екі есеге дейін өсіп, 90 факт болды. Оларға 20 миллиондай айыппұл салынды. Бұл аз көрсеткіш емес», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының  орынбасары Нұрлыбек АСЫЛБЕКОВ.

Айта кетейік, қазір нарықта 7 мың дәрі-дәрмек бар. Олардың 1700-і ғана рецептісіз сатылады. Қалғанын құжатсыз беруге тыйым салынған. Мамандардың айтуынша, дәрігердің нұсқауынсыз препараттар ішу  өте қауіпті. Қазақстандағы барлық тіркелген дәрі-дәрмек жайлы бүкіл ақпарды «DariKz» мобильдік қосымшасынан-ақ алуға болады. Онда белгіленген шекті бағаны, дәріханадан жіберілу шарттарын және қолдану нұсқаулығы толық жазылған.