Басқарма 2025 жылға дейін қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспарын әзірлеген
Әрбір алматылық денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға атсалыса алады. Бүгін Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров онлайн брифингте ұсыныстар мен шағым айтатын телефон нөмірін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
8 777 8888 103 байланыс нөміріне бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің нұсқамаларын бұзу фактілерінің фото және видеосын да жіберуге болады. Жаңа басшы жақын арада қаладағы барлық стационарлар да бас дәрігердің инфекциялық бақылау жөніндегі орынбасары лауазымы енгізілетінін айтты.
«Бұл госпитальдық эпидемиологтардың мәртебесін көтеруге, білікті мамандарды тартуға және сол арқылы стационарларда тиісті инфекциялық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында инфекционистерге, сондай-ақ, қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін айрықша өкілеттіктер берілетін болады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан НАДЫРОВ.
Сонымен қатар, Қамалжан Надыров қаладағы коронавирус жағдайынан тез арада шығу үшін дүйім елге әлеуметтік қашықтықты сақтап, қолды тазалап жуып, бетперделерді кию керектігін ескертті. Бұл қарапайым ереже індетті жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетеді деді шаһардың бас дәрігері. Ол бүгін атқарылған жұмыс пен қатар алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Қала әкімі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты, Басқарма 2025 жылға дейін қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Жақын арада аталған жоспар сараптамалық қауымдастықпен талқыланатын болады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан НАДЫРОВ.