Төрт адамға алғашқы хирургиялық емдеу жүргізілді
Алматыдағы хостелде өрт кезінде зардап шеккендерге кешенді медициналық көмек көрсетілуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт салдарынан зардап шеккен 5 адамға медициналық көмек дәрігерлер қойған диагноздар аясында толық көлемде көрсетілуде, деп хабарлады Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков ӨКҚ брифингінде.
- Зардап шеккен төрт адамның жараларына алғашқы хирургиялық емдеу көрсетілді: эвакуация кезінде бұл азаматтардың денесінің түрлі бөлігі зақымданған. Оларды жедел жәрдем бригадасы тексеріп, ауруханаға жеткізді. Сондай-ақ бүгін тағы бір науқас газдан улану диагнозымен токсикология бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауырлықта, есін жиды және оған ем толық көрсетілуде, - деді Иран Шаметеков.
Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен соң зардап шеккен төрт адам амбулаториялық емделуге үйлеріне жіберілді.
Шәріпов көшесіндегі өрт салдарынан 13 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Хостелде барлығы 72 тұрғын болды, олардың 12-і студен. Хостел тұрғындары арасында кәмелетке толмағандар жоқ.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына 1 млн теңгеден бөледі