Қоңырау шалғандардың басым бөлігінің ыстығы көтерілген
Алматыда жаңажылдық демалыс күндері "103" пультіне қала тұрғындарынан 9 мың қоңырау түскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Алматының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бүкіл мегаполис демалып, Жаңа жыл мерекесін тойлап жатқанда дәрігерлер әдеттегідей қызмет көрсеткенін айтты. Алматы қалалық Медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Павел Бурда жаңа жылдық демалыстан кейінгі жағдайға түсініктеме берді.
Оның айтуынша, 2023 жылдың 31 желтоқсаны мен 2024 жылдың 2 қаңтары аралығындағы күндер мазасыз өтті. 9 мыңға жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді.
- Қала тұрғындары мен қонақтарының көбінде дене қызуы көтеріліп, жөтелге шағымданған. Сонымен қатар түрлі жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді. Пиротехника заттарынан жарақат пен күйік алған 13 оқиға және ЖРВИ 733 диагнозы тіркелді, - деді ол.
Медициналық жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері Ақмарал Асанова егер бұрын күніне 4 мыңға жуық шақырту болса, мереке күндері олардың саны 7 мыңға жуықтағанын айтты.
Айта кетейік, Алматы қаласында 12 қосалқы станция бар. Олар Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын түгел 100% қамтиды. Күн сайын 186 медициналық жедел бригадасы кезекшілікке шығады.
Оқи отырыңыз: Екі жастағы баланы күйдірген ақтаулық тәрбиеші жазаланды