Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн сұхбаты барысында №32 қалалық емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Әсел Елемесова балаларды тұмауға қарсы вакциналаудың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Тұмау-бұл жоғарғы тыныс жолдарының жіті ауруы. Тұмау кезінде адамның иммунитеті төмендейді және жиі бас ауруы пайда болады. Содықтан ауру көбінесе бактериялық пневмонияға өтіп кетеді. 6 айға толған барлық балаларға вакцина жасалады. Ең алдымен, вакцина жиі ауыратын балаларға жүргізіледі. 2019 жылмен салыстырғанда балаларын вакцинаға алып келетін ата-аналардың саны артты», – деді педиатр.
Ағымдағы жылы тек емханада тұмауға қарсы вакцинамен 350 баланы қамту жоспарлануда. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 280 балаға вакцина жасалды.
Вакцина екпей тұрып учаскелік дәрігер тексеру жүргізеді. Дене қызуы өлшенеді де қарсы көрсетілімдері болмаса балаға вакцина жасауға рұқсат етіледі. Вакцинадан бұрын ата-аналармен кеңес өткізіледі және вакцинадан кейін бала 30 минут медбикенің бақылауында болуы керек. Баланың жағдайы келесі 2 күнде де бақылауда болады.