Алматыда 20 сұлулық салоны санитарлық нормаларды сақтамай жұмыс істеп келген

06.02.2019 00:09

Сұлу болам деп «саңырауқұлақ» немесе ВИЧ инфекциясын жұқтырып алмаңыз

Алматыда соңғы бір жылда маникюр жасатқан соң түрлі дертке шалдыққан үш келіншек Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне шағым түсірген. Арнайы тексеріс кезінде мегаполистегі 20 салонның жұмысынан шикілік шығып, олардың санитарлық нормаларды сақтамағаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сұлулық салонына барып, маникюр жасатқан алматылық қыз аяқ-қолының тырнақтарына «саңырауқұлақ» жұқтырып алған. Бірнеше айдан бері инфекциядан арылу үшін қымбат ем алса да, ол әлі күнге дейін бұл аурудан айықпағанын айтады.

Светлана осыдан бірнеше ай бұрын басынан өткен жағдайды қорқынышпен еске алады. Маникюр жасату үшін үнемі бір салонға барып жүрген. Соңғы рет қызмет алған кезінде тырнақтарының түгелдей дерлік бұзылып, беткі қабаттарының түсіп қалғанын көреді. Дереу дәрігерге қаралған ол «саңырауқұлақ» инфекциясын жұқтырғанын біледі. Ал сұлулық салоны аяқ-қолының тырнақтарынан айырылып қала жаздаған қызға көмектесуден бас тартыпты.

«Инфекция тырнақ егегіштен жұқты деп ойлаймын. Себебі, қалған құралдардың барлығы залалсыздандырылған еді. Бірнеше айдан бері қымбат дәрілер ішсем де тырнақтарым әлі күнге дейін толық жазылмады. Ай сайын 10 мың теңгеге түрлі дәрілер аламын. Сұлулық салоны менің емге кеткен шығынымды өтеуден бас тартты, бірақ оларды сотқа бермедім. Алайда, тексеріс кезінде салоннан бірнеше олқылықтар табылып, ақыры айыппұл төледі», – дейді зардап шегуші.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне Светланадан өзге, тағы екі келіншек шағым түсірген. Тексеріс кезінде сән салонының санитарлық талаптарды сақтамағаны анықталыпты. Бұдан бөлек, Алматыда тағы 19 салон мен бір шаштараздан кінәрат табылып, оларға 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынған.

«Тексеру барысында санитарлық талаптарға сай келмеген. Қолды, тырнақты жасайтын ыдыстары дезинфекцияланбаған. Және де медициналық кітапшаларында вирустық гепатитке маркерлар тапсырылуы керек болатын. Ол кітапшаларында ондай болмаған. Және ауаны тазартатын бактерицидтік лампа болуы керек еді. Ол да болмаған...Бір рет қана қолданатын сүлгілер де болмаған», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Анель МҰСАЕВА.

Дәрігерлер сәнді маникюр жасатамын деп жүріп, саңырауқұлақ, ВИЧ, вирусты гепатит сынды ауруларды жұқтырып алуға болатынын ескертеді. Мамандығына аса жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандар мұны беске біледі. Маникюр шебері Айгерім Мажитова өзін және тұтынушыларын қауіпті инфекциялардан қорғау үшін барлық құралдарды бірнеше кезеңде тазалаудан өткіземін деді.

«Алдымен барлық құралдар арнайы ерітіндіде залалсыздандырылады. Содан соң мынадай крафт-пакеттерге салып, ыстық пеште 30 минут кептіреміз. Яғни, бұл уақытта барлық бактериялар жойылады. Құралдарды дұрыс дезинфекциялау мен стерилдеу аса маңызды. Себебі, саусақ терісі кесіліп, қанап кеткен жағдайда, қан арқылы көптеген қауіпті инфециялар жұғуы мүмкін», – деді маникюр шебері Айгерім МАЖИТОВА.  

Санитарлық дәрігерлер сұлулық салонына барғанда мұқият болуға кеңес береді. Әсіресе, үйде отырып маникюр жасайтын, еш сертификаты жоқ мамандардың қызметіне жүгінбеген абзал. Айта кетсек, Алматыда арнайы тексеріс нәтижесінде екі маман жұмыстан қуылған.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы