Екеуі де тілге келіп, ас-су ішетін халге жеткен
Олардың бірі қаладағы №4 ауруханада ем қабылдап жатса, екіншісі №7 аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қос науқас та қазір естерін жиып, тамақ іше алатын халге жеткен. Дегенмен толық қалыпқа келу үшін әлі де біраз уақыт керек дейді дәрігерлер. №4 қалалық ауруханада жатқан келіншектің ортан жілігі сынып, терісі мен бұлшық еттеріне айтарлықтай зақым келген. Алдағы уақытта оған бірнеше ота жасалады.
«Арыстағы жарылыстан зардап шеккен бір науқас жеткізілді. Өткен аптада науқастың жағдайы орташа халде болатын. Біздің ауруханада оны емдеуге қазіргі барлық заманауи тәсілдер қолданылды. Сыртқы фиксация, вакумды аспирация аппараты, осы тәсілдер жарақаттың тез жазылуына мүмкіндік жасайды», – дейді Алматы қаласы №4 қалалық клиникалық ауруханасы қосарланған жарақат бөлімінің меңгерушісі Дәурен ТҮСІПОВ.
Ал 47 жастағы ер азаматтың жағдайы ауыр болғандықтан Арыс қаласынан Алматыға санавиация арқылы жеткізіліпті. Қазір жағдайы тұрақталғанымен, әлі де жан сақтау бөлімінде жатыр. Қуаныштысы, тілге келіп, ас-су ішетін халге жетті дейді дәрігерлер. Ақ халаттылардың айтуынша, оның басы, миы мен мойнына зақым келген.
«Науқас алты күннен бері біздің жан сақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда жағдайы бір қалыпты. Күнделікті нейрохирург, травматолог, окулист дәрігерлердің бақылауында», – дейді Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ильдар ҚҰРМАЕВ.