Ешбір жағдайда өз-өзін емдеумен айналысуға болмайды – алматылық инфекционист

05.01.2021 в 23:11

Жан сақтау бөлімінде 60 науқас жатыр

Алматы коронавирустық инфекция жағдайы бойынша «сары аймақта» қалып отыр. Бүгінгі таңда Алматыда коронавирустық инфекцияның 18 939 жағдайы тіркелген, олардың ішінде 17 309-ы сауығып, 389-ы қайтыс болды. Соңғы тәулікте КВИ-дан 265 адам сауығып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осы жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша 665 адам стационарлық ем қабылдауда, оның ішінде 30 бала бар. Оның ішінде 548 науқастың жағдайы орташа ауыр, 100 адам ауыр және 17 адам өте ауыр жағдайда. Жан сақтау бөлімінде 60 науқас жатыр, 9 адам – ӨЖЖ аппаратында. Бүгінде төсек қорының 67,6% -ы бос. Естеріңізге сала кетейік, стационарлардың жалпы қуаты - 7 011 төсек-орын.

Соңғы 10 күнде қалада коронавирустың жаңа симптомсыз жағдайларын тіркеудің өсу динамикасы жаңа жағдайлардың күнделікті тіркелуін көрсетеді. Өткен тәулікте 34 адам бақылауға алынды. Өсім 0,3% құрады.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инфекционисті, «И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» ШЖҚ МКК дәрігер-сарапшысы Тамара Утаганова мегаполистегі сырқаттанушылық жағдайына түсініктеме берді.

«Ұзақ демалыстан кейін, әдетте, ЖРВИ және тұмау ауруының статистикасы артады. Вирустық инфекцияның инкубациялық кезеңі - 2 апта. Тәуелсіздік  мерекесінен кейін, жаңа жылға дейін 14 күн өтті. Сонымен қатар, КВИ-мен ауырғандар санының өсуі маусымдық жағдайлармен де байланысты, қазір ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіштерге жеткен кезі, суық тиіп, тұмауға шалдығушылардың көбеюі ауа-райына байланысты, қазір Алматыда қатты аяз тұр», – деп атап өтті ол.

Тамара Утаганова емдеу алгоритмін сақтаудың және өзін-өзі емдеумен айналыспаудың маңыздылығын ерекше атап өтті және негізгі ұсыныстармен бөлісті.

«Ауру белгілері пайда болған кезде – дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы, үй карантинін сақтап, тұрғылықты жері бойынша емханаға медициналық көмекке жүгіну қажет. Дене қызуы жоғарылап, қатты бас ауруы мазалап, жүрек айну және құсу, ентігу пайда болған кезде жедел жәрдем шақыру керек. Ешбір жағдайда өз-өзін емдеумен айналысуға болмайды», – деді Т.Утаганова.

Бұған дейін Тамара Утаганова медициналық бетперделерді дұрыс тағу және оларды жиі ауыстырып тұру керектігін, сонымен бірге, оларды жою ережелерін сақтау керектігін атап өткен болатын.

Бүгінгі таңда коронавирусты жұқтыру қаупі бар. Осыған байланысты Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын барлық сақтық шараларын сақтауға шақырады. Әлеуметтік қашықтықты сақтауға бей-жай қарамай, бетперде кию және мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болуы керек,  бұл әсіресе 65 жастан асқан адамдарға қатысты.