Әрқайсысы 19 миллион теңгеден алған
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасының төрт мүшесіне шамаман 77 миллион теңге сыйақы берілген. Яғни әрқайсысы 19 миллион теңгеден алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қордың әкімшілік шығыстарына наразылық білдіріп Үкімет басшысына сауал жолдады. Оның сөзінше, қазір бюджеттен тыс қорлардың шығындары Парламент пен Есеп комитетінің бақылауынан тыс қалып отыр.
«Сондықтан болар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы өз жалақысын жария түрде айтудан бас тартқаны. Ол азаматтардың жарналары мен аударымдары арқылы қамтылып отырған мемлекеттік қордағы айлықтарын коммерциялық құпия деді. Мәселен, 2019 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әкімшілік шығыстары 5,8 млрд теңгеден асқан. Жалақы төлеуге 4,4 млрд теңге жұмсалған. Егер қордың барлық 850 қызметкеріне бөлсек, әрқайсысына айына 434 мың теңгеден келеді. Бұл елдегі орташа жалақыдан екі есе жоғары», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.
Ал, депутат Александр Милютин қазақстандықтардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету туралы ұсынысын Үкімет басшысына тағы да жолдады. Ол бұған дейінгі сауалына Асқар Маминнің берген жауабына қанағаттанбағанын жеткізді.
«Сіздің жауабыңызда еңбек жағдайларының күрделілігіне байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарау туралы біздің ұсынысымыз назардан тыс қалды. Заңда ерте зейнетке шығу тек құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарастырылған. Бұл 60 жастан ертерек кәсіби жарамдылығын жоғалтатын кеншілерге, металлургтерге, өнер адамдарына қатысты әділетсіздік деп санаймыз. Еңбек жағдайларының күрделілігін тең дәрежеде ескеруге тиіс деп ойлаймыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Александр Милютин.