«Береке көзі – бірлікте». СҚО перинаталдық орталықта 6 ұлт өкілі қызмет етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ортақ мақсатқа жұмылған этнос өкілдері ана мен баланың денсаулығына жауап беріп, медицина саласына еңбек сіңіріп келеді.
29 жастағы Динара Сапарбаева – Шымкент қаласының тумасы. 2 жыл бұрын резидентураны тәмәмдап, СҚО-дағы перинаталдық орталыққа жұмысқа орналасқан. Қазір акушер-гинеколог маманы болып жұмыс істеп жүрген ол жауапкершілігі мол қызметті ұжымның қолдауы арқасында меңгеріп алғанын айтады.
«СҚО, солтүстік менталитеттің ерекшелігі бар дегендей басында қорыққанмын. Бірақ ешқандай айырмашылық байқаған жоқпын. Жұмыста күн мен түнге қарамаймыз, уақытқа бағынбаймыз. Бірақ тату ұжымның арқасында мамандықты сүйіп, жақсы көріп, қызмет етіп келеміз», – деді СҚО Перинаталды орталықтың акушер-гинекологы Динара Сапарбаева.
Ал украин ұлтының өкілі Людмила Быба – аталмыш мекемеде операциялық блоктың аға медбикесі. Медицина қызметкері жұмысқа орналасқанда небәрі 22 жаста болған. 30 жылға жуық еңбек өтілі бар ол орталықтағы ұжыммен етене араласып, әбден бауыр басып кеткенін айтады.
«Біздің ұжымда украин ұлтының өкілдері, немістер, қазақтар, орыстар, татарлар мен поляктар жұмыс істейді. Мен үлкен, тату ұжымда қызмет ететініме қуаныштымын. Арамызда ешқандай жанжал жоқ. Бір-бірімізге сеніп, қолдау көрсетеміз. Олар мені де өте жылы қарсы алды. Ол кезде жас маман едім. Ешкім ұрысқан емес. Керісінше түсіндіріп, үйрететін», – деді СҚО Перинаталды орталықтың операциялық блогының аға медбикесі Людмила Быба.
«Мәдениет пен дәстүр, тіл мен діл арасындағы айырмашылық ортақ іске кедергі емес» дейді ұжым қызметкері Ирина Блохина да. 50 жастағы орыс ұлтының өкілі «бірлік бар жерде - тірлік бар» деген ұстанымға берік екенін айтады. Бас акушердің орталықта қызмет етіп жүргеніне 30 жыл болған.
«Біз барлық мерекені бірге ұйымдастырамыз. Өзге ұлт өкілінің дәстүрін дәріптеп, насихаттауға тырысамыз. Әр ұлттың салтына құрметпен қарау – қалыптасқан жағдай. Бір-бірімізді ұлтқа бөлмейміз, бәріміз бірігіп, ортақ іс жасаймыз», – деді СҚО Перинаталды орталықтың бас акушері Ирина Блохина.
Жалпы жыл басынан бері СҚО-да 669 сәби дүниеге келген. Атап айтқанда, 341 ұл, 328 қыз, 7 егіз туылған.
«Біз көпұлтты ұжым болғанымызбен, жұмылған жұдырықтай біріге жұмыс жасаймыз. Арадағы келіспеушіліктерге жол бермейміз. Өйткені, жұмысымыз ауыр және аса жауапкершілікті талап етеді. Қызметтен бөлек, мәдени іс-шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Бұл біздің бірлігімізді арттыруға ықпал етеді», – деді СҚО Перинаталды орталықтың директоры Елена Калюжная.
Бүгінде 111 қазақ, 185 орыс, 14 украин, 9 татар, 7 неміс, 4 поляк ұлтының өкілін біріктірген перинаталдық орталықта 330 адам жүмыс істейді.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан