Алматылық дәрігерлер инсульт қаупін жойып, пациент өмірін сақтап қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тексеру барысында мойындағы күре тамыр 90 пайызға тарылған, ұйқы артериясының стенозы деген диагноз қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген 60 жастағы ер адам басы айналып, қатты ауырғанын айтып шағымданған. Оған қоса аяқ-қолы жансызданып, көру қабілеті нашарлаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  ОҚКА баспасөз қызметі сілтеме жасап.  

Хабарламаға сүйенсек, тексеру барысында мойындағы күре тамыр 90 пайызға тарылған, ұйқы артериясының стенозы деген диагноз қойылды. Нейрохирургия бөлімі дәрігерлері жоғары технологияларды пайдалана отырып жедел түрде ота жасады. Рентгеноваскулярлық стенттеу деп аталатын операция нәтижесінде пациент өміріне төніп тұрған қауіп сейіліп, инсульт қаупі жойылды.

«Күре тамырға пункция жасалып, атеросклерозға шалдыққан тамырға катетер орнаттық. Сол арқылы тамырдың тарылған тұсына стент қойылып, оның қанды өткізу қабілеті толық қалпына келтірілді. Манипуляциялар толығымен рентген сәулелердің көмегімен, арнайы жоғары технологиялық ангиографиялық аппарат арқылы жүргізілді», – дейді Нейрохирургия бөлімі меңгерушісі, дәрігер Марат Алматов.

Оның айтуынша, ота сәтті өтті, қазір пациенттің жағдайы жақсарды.

Орталық қалалық клиникада тұрғындарға мидағы қан тамырларына жасалатын жоспарлы және шұғыл оталардың барлық түрі жүргізілетінін еске салайық. Операциялар, соның ішінде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын манипуляциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жүргізіледі.

Новости партнеров