Дәрігерлер «түтікше арқылы» дүниеге келген қыздың төңірегінде келісе алмай қалды

17.10.2019 23:22

Салтанат Байқошқарованың айтуынша, эко арқылы өмірге келген алғашқы қыз бұл емес

Хайп па, әлде айып па? Алматыда күні кеше «Қазақстанда алғаш рет экстракорпоралды ұрықтан туған қыз ана атанды» деген жаңалық әлеуметтік желіде желдей ескен еді. Бірақ, арты дауға ұласты. Ұрықтандыру орталығы осылай деп жарияға жар салғанмен, бұл «сенсацияны» әріптестері жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алеся Шин осыдан 23 жыл бұрын ЭКҰ арқылы дүние есігін ашқан еді. Көптен бала сүйе алмай жүрген ата-ана үшін бұл өмірлеріндегі ең бақытты кез болды. Енді ширек ғасырдан кейін Алесяның өзі ана атанды. Бастысы, өзі босаныпты.

«Жүктілік кезең жеңіл өтті. Тіпті, айтарлықтай жүрек айну сияқты қиындықтар да болған жоқ. Баламды тоғыз ай көтеріп, өзім босандым. Толғақ та еш қиындықсыз өтті», - дейді Алеся ШИН.

«Экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы дүниеге келгендер кейін өздері босана ала ма?» деген күдікті Алеся сейілтті. Бұл, сұрақ көпшілік көкейінде көптен жүрген еді. Немерелі болған Гильнур Сагированың да қуанышында шек жоқ. Сол кездегі бастан өткерген күндері оған қорқынышты түстей елестейді.

«Ол кезді еске түсірудің өзі қорқынышты. Жас болдық. Дәрігерлермен келісіп, тез арада шешім қабылдадық. Не болып жатқанын дұрыс түсінбедік те. Ол кезде бұндай оқиғаларды жасырын ұстайтын. Сол себепті біз ешкімге айтпап едік», - деді  Алеся ШИННІҢ анасы Гильнур САГИРОВА.

«Бұл – Қазақстандағы тұрмысқа шығып, өздігінен бала босанған алғашқы қыз. Сондықтан әрине ғажайып нәрсе», - деді «Репродуктивтік медицина институты» директорының орынбасары Людмила БАДЕЛЬБАЕВА.

«Репродуктивтік медицина институтының» дәрігерлері осылай деп бөріктерін аспанға лақтырып, сүйінші сұраған болатын. Бірақ, белгілі репродуктолог маман Салтанат Байқошқарова орталықтың бұл ақпараты ойдан шығарылған дейді. Айтуынша, эко арқылы өмірге келген алғашқы қыз бұл емес.

«Мәселенің мән-жайын білу үшін Алматыдағы «репродуктивтік медицина орталығына» қайтадан бардық. Байқошқарованың мәлімдемесінен кейін мұндағылар да демде жуасып қалыпты. Айтпағымыз «ЭКО арқылы пайда болған алғашқы бала басқа болған» деп ақталып бақты», - деді  эмбриолог - репродуктолог Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА.

«Қазір әңгіме біздің бағдарлама арқылы бірінші баласын өзі дүниеге әкелген әйел жайлы болып жатыр. Демек, біз экстракорпоралдық ұрықтандыру арқылы туған әйелдің дүниеге бала әкелгеніне қуаныштымыз», - деді Экстракорпоралдық ұрықтандыру орталығының директоры Вадим ПОЛУМИСКОВ.

Осылайша, сенсация жасаймыз деген жаңалықтың фейк болғаны көп өтпей белгілі болды. Өтірік мақтанның құйрығы бір ақ тұтам. Ал, іңгәлап мына өмірмен енді танысып жатқан сәби бұл даудан бейхабар. Маңыздысы да ол емес. Бастысы қазақ елі тағы бір дені сау баламен толықты.