Конституция күнінің құрметіне қалалық жедел жәрдем автопаркіне 28 жаңа көлік тарту етілді

30.08.2019 00:09

Бүгінде кезде жедел жәрдем қызметінде 3874 адам еңбек етеді

Конституция күні қарсаңында қалалық жедел жәрдем мекемесінің автопаркі 28 жаңа көлікпен толықты. Олардың кілтін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Десек те шахар емханаларында заманауи құрал-жабдықтар тапшылығы әлі де 22 пайызды құрайды.  

«Біз қазір 3 жылдық бағдарлама жасадық. 85 миллиард теңге жұмсаймыз. Толығымен 85-90 процентке бүкіл құрал-жабдықпен қамтамасыз ететін боламыз. Соның ішінде осындай жедел жәрдем көлігі қажет. Міне бүгін 28-нің кілтін өздеріңізге ұсынғалы отырмыз. Келесі жылы тағы да қосымша ұсыныс беріп сатып аламыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бүгінде кезде жедел жәрдем қызметінде 3874 адам еңбек етеді. Мұнда 177 шұғыл бригада мен 265 автомобиль бар. Қызмет құрамында 11 қосалқы станция мен 3 автоколонна, 2 автокөлікке май құю бекеттері жұмыс жасайды. 2018 жылы қалалық жедел жәрдем  1,7 миллион азаматқа қызмет көрсетті. Күніне орташа есеппен әр бригада 300 шақырымды еңсереді екен. Биыл сатып алынған көліктер қатары айтарлықтай артқан. Бұған дейін жылына 15-17 көліктен ғана алынатын.

«Жабдықтардың түрлері олар электрокардиологиялық аппараттан бастап, дефибрилляторға дейін. Және де өте ыңғайлы. Іші кең және биік. Ішінде желдеткіш, жылытқыш бәрі бар. Біздің алып келе жатқан науқасқа да, дәрігерге де өте ыңғайлы. Жалпы негізгі мақсат – алтын уақытын принципін сақтау», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат ТӨСЕКБАЕВ.