|
12.04.2023 | 19:32
2431

Ақтаудағы медицина қызметкерлері 3 айдан бері еңбекақысын ала алмай жүр

Олар 3 сәуірде еңбек инспекциясына арыз жазған

Ақтаудағы медицина қызметкерлері 3 айдан бері еңбекақысын ала алмай жүр Almaty.tv

Ақтаудағы медициналық емхананың қызметкерлері 3 айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Нәпақадан тарыққандар жұмыссыз қалды. 30-дан астам қызметкер еңбек инспекциясының алдына жиналып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаңтар айынан бері жалақысын ала алмай жүрген медицина қызметкерлері 3 сәуірде еңбек инспекциясына арыз жазған. Жауаптылар олардың шағымына бір апта ішінде жауап беруі тиіс еді. Алайда 10 күн өтсе де жауап жоқ.

«Заң бойынша 10 күн күтесің деген. Біз жалақымызды алған жоқпыз. Ақшамды дұрыс бермегені үшін, зейнетақы қорына төлем төлемеген үшін 6 ақпанда арыз жазып келгенмін. Бірақ екі ай өтті, әлі қарастырмаған. Қанағаттандыратын жауап алған жоқпыз» – деді медбике Гүлзада Сағынғалиева

«3 сәуір күні арыз жазған едік . Әлі қаралмаған. Ешқандай жұмыс жүрмеген. Біз арызды тез қарап, ақшаны мәселесін шешіп бергенін қалаймыз», – деді медбике Жеңісгүл Бектілеуова.

Ал медициналық мекеме басшылығы жалақының уақытылы төленбеуінің негізгі себебі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының түспеуі. Былтыр да осы мәселе туындап, тек жыл аяғында қаржыландыру жүргізілгенін алға тартты. Тағы бір себеп - 10 мың адамға қызмет көрсетіп келген емхана жабылуы мүмкін. Ал еңбек инспекциясының мамандары түскен арыз қаралып, істің прокуратураға жолданғанын айтты.

«Адем мед» ЖШС жұмыскерлерімен ұжымдық  және жеке жазған арыз бойынша жоспардан тыс тексеріс тағайындалуда. Тексеру қорытындысымен барлық нәтижесін көрсетеміз. Жоспардан тыс тексеру 5 жұмыс күнінде жүреді», – деді Маңғыстау облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының инспекторы Қанат Сағидуллин.

Еңбек инспекциясы мамандарының айтуынша, заң талабы бойынша жұмыс беруші жұмыстан шығарылған қызметкерге еңбекақысын 3 жұмыс күні ішінде төлеуі керек. Ал медбикелерге тексеру жұмысының өзі бір аптадан 2 айға дейін созылуы мүмкін екені ескертілді. Енді медицина қызметкерлері тексеріс нәтижесін күтеді.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир