Алматыда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін еліміздегі алғашқы орталық ашылды. Мұнда науқастар небәрі 7 минут ішінде қажетті дәрісін қолына ала алады. Аталған орталық әзірге қаладағы №5 клиникалық ауруханасында ғана жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әбен Аязбаев 16 жылдан бері №5 ауруханада қаралады. Бүгін ай сайынғы дәрісін алуға келіп отыр. «Бұрын бір дәрі үшін алдымен дәрігерге қаралып, сосын бірнеше кабинетті шарлап жүретін едім» деген қария жаңа ашылған орталықтың науқастар үшін қолайлы екенін айтады.
«Жасым келіп қалғандықтан қант көрсеткішім, қан қысымым көтеріледі. Соған байланысты екі түрлі дәрі аламын. Бұрын ерте келіп, кезек алып, көп жүретінбіз. Қазір ыңғайлы, мына жерде ешқандай кезек жоқ. Демалып күтіп отыруға болады. Дәріханасы қасында, шаршамай, жүйкеміз жұқармай-ақ ала аламыз», – дейді науқас жанның бірі Әбен АЯЗБАЕВ.
Емханаға келгендер алдымен қолдау қызметіне барады. Егерде науқас тек дәрі алу үшін келген болса, тікелей амбулаторлық дәрілермен қамту бөліміне жіберіледі. Тұрғындарға тегін дәрі-дәрмектің уақытылы берілуін қадағалайтын бұл орталық қаңтар айынан бастап жұмыс істеп жатыр.
«Амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз ету орталығына күніне 30-дан астам науқас келеді. Орталықта науқастар үшін қолайлы жағдай жасалған. Орталық ашылғаннан бері бізде ең бірінші диспансерлік учетта тұрған науқастардың жалпы жағдайы жақсарды және ең бастысы, қабаттар бойынша кезек азайды», – деді Алматы қаласы №5 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле ТӨЛЕГЕНОВА.
Дәрі-дәрмек үшін келген науқастар әр кабинеттің есігін сығалап, сабылып жүрмейді. Жаңа орталықта жоғары санатты клиникалық фармоколог, терапевт дәрігер және медбикелер жұмыс істейді. Дәріханасы да дәл қасында орналасқан. Яғни, дәрігер дәрі-дәрмекті тағайындаған соң, ешқайда бармай-ақ, керегін осы жерден алып қайтады. Қазіргі уақытта №5 ауруханаға 44 800 адам тіркелсе, соның 9 300-ден астамы диспансерлік есепте тұр.
«Науқастар тек біздің орталықта ғана дәрі-дәрмек алмайды. Сонымен қатар, егер науқас белгілі бір себептермен ауруханаға келе алмайтын болса, дәрі-дәрмектер тікелей науқастың үйіне апарып беріледі. Науқасқа үйіне дәрі алып келген кезде медбикелер оның жағдайында бағалау жасап, артериялық қан қысымын өлшеп, жалпы одан кейінгі жағдайына қарай түрлі ем қолданады», – деді Сәуле ТӨЛЕГЕНОВА.
Дәрігерлердің айтуынша, ең көп жазылатын дәрілер жүрек қан-тамырлары және эндокриндік аурулар бойынша екен. Ал бір жарым айдың ішінде орталық 200-ден астам науқасқа қызмет көрсеткен.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы