Қызылша індетінен сақтаныңыз! Алматыда қаңтар айында ғана қызылшамен ауруханаға түскен балалар саны 20-ға жуықтады. Дерттің дендеуіне алдымен ауа райының күрт жылуы себеп дейді дәрігерлер. Қауіпті инфекцияны жұқтырмас үшін не істемек керек? Ақ халаттылар ата-анаға қандай кеңес береді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.
Гүлзира Құрбанбаеваның 11 айлық қызымен ауруханада жатқанына бүгін төртінші күн. Жас ана нәрестесінің қызылшамен ауырғанын екпе алып үлгермегенінен көреді. Себебі, елімізде бұл індетке қарсы вакцина алғаш рет 1 жаста егіледі.
«Баламның дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болды, мазасызданып, ұйықтай алмады. Қызым тамақ ішпей, иммунитеті де болмады. Мұнда келгенімізге дейін мойнымызда, бетімізде қызыл дақтар пайда болған еді. Осы жерге келген соң бізге бірден қызылша диагнозын қойып, ем қабылдауды бастадық», – дейді Гүлзира ҚҰРБАНБАЕВА.
Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшамен жатқан жалғыз Гүлзира емес. Аталмыш дертті жұқтырған тағы бір бала ем алып жатыр. Ал қаңтар айында тағы 15 бала ауырыпты. Қызылшаның бір ерекшелігі алғашқы белгілері тұмауға қатты ұқсайды дейді дәрігерлер. Бөртпелер тек үшінші, төртінші күні ғана пайда болады екен. Сондықтан балаңыз мазасызданып, дене қызуы көтерілсе, аурухана алып бармай, дұрысы дәрігерді үйге шақырту керек дейді ақ халаттылар.
«Қызылша жедел өтетін инфекциялық жұқпалы ауру. Ауа-тамшылы жолмен жұғады. Сөйлегенде, түшкіргенде, науқаспен қатынас болған кезде де жұғады. Сондықтан адам көп жиналған жерге, көбінесе балаларды ойнататын ойын-сауық орталықтарына қазірше балаларды апармаған жөн», – деді «Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКК бас дәрігердің орынбасары Айнұр НҰРГЕЛДІҚЫЗЫ.
Қызылша ересек адамдарға жұқса, ауыр тиеді дейді дәрігерлер. Сондықтан түрлі себептермен екпе ала алмай қалғандар, әсіресе, бала көтеруді жоспарлап жүрген әйелдер 30 жасқа дейін өз емханасына барып, тегін вакцина алуы қажет. Ұлттық кесте бойынша елімізде қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина 1 жаста салынады және 6 жаста қайта егу жұмыстары жүргізіледі.
«Бізді учаскелік медбикеміз шақырды. Сол кесте бойынша екпемізді алуға келдік. Бар екпелерін уақытымен алып жүрдік. Екпеге еш қарсылығым жоқ. Төрт балам бар, төртеуі де екпені жақсы қабылдайды. Екпенің бәрін де уақытымен алып жатырмыз», – деді Әсел БАЙСАҚАНОВА.
Баласына екпе салдыруға барлық ата-ана бірдей келісе бермейтін көрінеді. Өткен жылы Алматы қаласы бойынша 56 548 жасөспірімге вакцина салынса, арасында қарсылық танытқандар да болыпты. Дәрігерлер болса кез келген вакцинаны күнтізбеге енгізбестен бұрын, ол арнайы клиникалық зерттеулерден өтетінін айтады. Сондықтан ақ халаттылар интернет пен әлеуметтік желілердегі екпеге қарсы ғылыми негізі жоқ пікірлерге сене бермеу керек дегенді алға тартады.
«Бүгінгі күні өте таза, зерттелген вакциналар жасалып жатыр. Және оның кері әсерлері жоқ. Бірақ екпе жасалғаннан кейін біз ата-анаға және балаға бастапқы екі-үш күннің ішінде денеде екпеге қарсы иммунологиялық әсерлер болуы мүмкін екенін міндетті түрде айтып түсіндіреміз. Аздап дене қызуы көтеріліп, мазасыздануы мүмкін. Ол иммунологиялық тітіркенуден болады. Иммунологиялық тітіркенудің арқасында балада осы инфекцияға қарсы иммуноглобулиндер, яғни иммунитет пайда болады», – деп түсіндірді №29 Алматы қалалық емханасының бас дәрігері Ақмира САДЫҚОВА.
Қызылша – баланың жүйке жүйесіне қауіпті дейді дәрігерлер. Ал балаға екпе жасамас бұрын учаскелік дәрігердің қарауынан өтуі тиіс. Айта кетсек, Алматыда өткен жылы 57 адам қызылшамен ауырса, оның 70 пайызға жуығы жеткіншектер болған екен. Ал биыл жыл басынан бері мегаполисте 19 адам қауіпті індетті жұқтырған.
Қазір елімізде қызылша індетінің өршуіне байланысты бас санитарлық дәрігер баланың бір жасында салынуы тиіс екпені 9 айлық кезінен бастап жасауға рұқсат берді. Себебі, бұл індетті жұқтырып жатқандардың көбісі – екпе алып үлгермегендер мен одан бас тартқандар екен. Мәселен, өткен жылдың өзінде 61 ата-ана баласына қызылшаға қарсы вакцинация жасауға қарсы болған.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы