Алматыда нейрохирургтар басына оқ тиген адамды құтқарып қалды

17.07.2020 23:48

16 шілдеде №4 аурухананың қабылдау бөліміне сол жақ маңдай самай аймағынан қан кеткен 38 жастағы адам түсті

© Sputnik / Тимур Батыршин

Алматыда дәрігерлер басына оқ тиген адамды құтқарып қалды. № 4 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургтары күрделі операция жасап, науқастың бас сүйегінен оқ алып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

16 шілдеде №4 аурухананың қабылдау бөліміне сол жақ маңдай самай аймағынан қан кеткен 38 жастағы адам түсті. Оның басы айналып, сол көзінің көру қабілеті төмендеген.

«Басы ашық жараланған. Бас сүйектен біреу оқ атқан. Ми ауыр соққы алған. Эпидуральды гематома пайда болған. Маңдай-самай бөліктерінен бөгде дене (оқтың) табылды. Маңдай және самай сүйектері фрагменттік түрде сынған. Бас сүйегінің рентгенограммасы 2 проекциясында қарақұс-самай аймағында қара сүйек сынып, металдан жасалған бөгде дененің табылғаны расталды. Сонымен қатар, миының паренхимасы зақымданған», –  деді Алматы қаласы №4 Қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургі Тимур Айтмұханов.

Жарадан қан кету салдарынан ер адам шұғыл түрде анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне емдеуге жатқызылды. Операция 2 сағат 50 минутқа созылды. Бас сүйектен оқты алып тастау күрделі жұмыс болғандықтан, нейрохирургтар мидың зақымдану қаупін және оның маңызды функцияларын ескерді. Дәрігерлер операциядан кейін ағзаның барлық органдары мен жүйелерінің жұмысын барынша қалпына келтіруге міндеттелген болатын. Операция сәтті өтті, пациент есін жинады. Операцияны оператор-дәрігер Тимур Мұратұлы Айтмұханов, ассистент Бауыржан Асқарұлы Бекбаев, анестезиолог Асқар Көкталұлы Сандыбаев, операциялық мейірбике Рашида Иманжановна Турдахунова жасады.