Жыл сайын Қазақстанға көмек алу үшін 5 мыңнан аса шетел азаматы келеді
Елімізде медициналық туризм ілгерілеуде. Жыл сайын Қазақстанға көмек алу үшін 5 мыңнан аса шетел азаматы келеді. Бұл туралы медициналық туризм қауымдастығы мәлімдеді, деді Almaty.tv тілшісі.
Тәуелсіздік алғаннан бастап елімізде қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі – медицина. Денсаулық сақтау жүйесі, медициналық білім, дәрі-дәрмек сапасы, маман даярлау мәселесі алдыңғы шепте қаралды. Бірақ 1990 жылы тұрақсыздық медицинаға кері әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан елдегі өлім-жітім санын азайтуды мақсат еткен «Халық денсаулығы», «Саламатты Қазақстан» сынды бағдарлама араға жылдар салып жалғасып отырды. Нәтижесінде 1991 жылы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 67 жас болса, биыл көрсеткіш 74-ке жеткен.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің ең бір ұтқан бағдарламасының бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Осы бағдарламаның ішінде медицина бағыты бойынша көп маман шетелден оқып келді. Оның ішінде әсіресе кардиохиурургия, онкология, трансплантология, нейрохирургия, ең күрделі отаға жататын және бірден-бір мемлекеттің даму көрсеткіші ретінде бағаланатын жүрек трансплантациясы саласы бойынша мамандар білімін жетілдірді, – деді А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ҒЗИ хирурия орталығының кафедра меңгерушісі Бауыржан Рақышев.
2012 жылдан бері елімізде 2500-ге жуық орган трансплантациясы жасалды. Заманауи озық құрылғымен жабдықталған еліміздің медицина саласы түрлі аурудың алдын алып, емдеуге мүмкіндік беріп отыр. Ал бұл өз кезегінде шетелден ем іздеп келетін туристер санының артуына үлес қосуда. Ең танымал бағыттар – кардиохирургия және нейрохирургия.
– Ең маңыздысы диагностикалық іс- шаралар, оның ішіндегі компьютерлік және магнитті резонанстық томография ауылды аймақта да қолжетімді болып қалды. Ал бастапқы кезде Қазақстанда 1-2 жерде ғана магнитті резононс томографтары болатын. АҚШ-тан, Европадан шыққан құрал-жабдықтардың барлығы Қазақстанда қолжетімді. Медициналық туризм осы жылдары қарқынды дами түсті. Әрине, құрама штаттардан, Еуропадан келіп емделетін науқас саны көбейіп келеді, – деді нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев.
КОВИД-19, яғни коронавирустық пандемия басталғаннан кейін, дүниежүзілік медицина үлкен сынаққа тап болды. Оның ішінде Қазақстан да сақтық шарасына баса ден қойды. Қиын кезеңде кәсіби мамандар шыңдалып, елдегі медицина ғылыми мүмкіндігін көрсетті.
– Коронавирусқа арнап вакцина шығардық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында коронавирус кезінде 200-ге таяу вакцина шығарған. Қазақстанның вакцинасы солардың шорт-листіне кіріп, одан кейін зерттеуден өтіп, Ландсет деген журналда анықталып, 86 пайыз тиімділігі екенін көрсетті. Бұл – үлкен жетістік, – деді пульмонолог, фтизиатр Абзал Малбасқанов.
Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша рейтингте Қазақстан 96 елдің ішінде 56-орынға тұрақтады. Онда медицина мамандарының, жабдықтардың, дәрігерлердің деңгейі және қызмет құны бағаланады. Жапонияда қызмет атқаратын хирург Әбдібек Қалибектің айтуынша, Қазақстандағы медицина саласы жылдан-жылға дамып келеді.
– Жапонияда жапондық дәрігерлер кейбір отаны жасай алмайды. Бірақ сол отаны қазақтың дәрігерлері жасайды. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, мүмкіндік те, жаңалық та көп, – деді балалар хирургі Әбдібек Қалибек (Жапония)
Қазақстанның әр азаматы кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекке қол жеткізе алады. Денсаулық сақтау саласының дамуы 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында және «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына сәйкес жүзеге асуда. Себебі, халық денсаулығы – мемлекетіміздің басты стратегиялық мақсаты.
Жансая Олжабек, Рашиддин Якупов, Сагынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Азия ойындарының жеңімпаздары баспасөз жиынын өткізді