Елімізде эпидемиялық маусым басталғалы тұмаудан 5 адам көз жұмды

28.12.2022 23:52

Соңғы екі айда республика бойынша 2,4 млн адам тұмауға қарсы екпе алған

Фото: shutterstock

Елімізде эпидемиялық маусым басталғалы тұмаудан 5 адам көз жұмды. Ауыр жүріп жатқан вируспен күресе алмай қайтыс болғандардың арасында балалар жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, биыл жұқпалы респираторлы вирустық инфекция кезеңі ерте басталып, сырқаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 10 пайыз өсіпті. Ал соңғы екі айда республика бойынша 2,4 млн адам тұмауға қарсы екпе алған. Олардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар бар.

«Жұқпалы респираторлы вирустық инфекциямен ауырған адамдардың ішінде 65 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. ЖРВИ және тұмау маусымы жыл сайын қазан-сәуір айларында өтеді. Биыл бұл маусым ерте басталды. Өткен жылмене салыстырғанда ЖРВИ-мен ауырғандар саны 10%-ға артты», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.