Қостанай облысында адамның иммундық тапшылығы дертіне шалдығу көрсеткіші бірден 36 пайызға артқан деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Аймақтағы дәрігерлер осылай дабыл қағуда.
Аты жаман дертті Қостанай, Рудный қалалары мен Денисов ауданының тұрғындары көптеп жұқтыра бастаған. Тіпті, олардың арасында 14 жасқа жетпеген екі бала бар. Қос нәрестеге де індет ананың сүтімен жұққан дейді дәрігерлер.
«Екі баланың анасы жүкті кезінде дәрігердің жазып берген дәрілерін қабылдамаған. Біздің айтқанымызға құлақ аспағандықтан вирустары асқынған. Міне, салдарын көріп отырсыздар», – дейді Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және күрес орталығының бөлім басшысының міндетін атқарушы Наталья ЛАВРЕНКО.
Облыста аталған індетті жұқтырғандар Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары, Қостанай және Денисов аудандарында көптеп кездеседі. Олардың 43 пайызы – 30 жастан 39-ға дейінгі тұрғындар болса, 25 пайызы – 40-45 жас аралығындағылар, ал қалған 18 пайызы 20-29 жастағы азаматтар. Вирус көбіне екпе пен қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы тараған.
«Дертті жұқтыратындар саны жылдан жылға артып келеді. Өкінішке қарай, инфекцияны көбіне ер адамдар жұқтырады. Басым бөлігі 30-дан 39 жасқа дейінгілер», – дейді Қостанай облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Людмила НАЛОБИНА.
Мамандар өткен жылы вирусқа қарсы алдын алу шараларын толық атқара алмаған көрінеді. Мәселен, орталықта ине мен мүшеқап жетіспеушілігі байқалған дейді. Сондықтан биыл дертке қарсы жұмыс үшін бөлінетін бюджет 205 миллион теңгені құраған. Тағы 50 миллион теңге үгіт-насихат жұмыстарына бағытталып отыр.
«Иммун тапшылығы бар әрбір адам біздің бақылауда. Олардың әрқайсысы тегін ем қабылдайды. Біздің орталықта вирус жұқтырғандардың 72 пайызы тіркелген», – дейді Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және күрес орталығының бөлім басшысының міндетін атқарушы Наталья ЛАВРЕНКО.
Статистикаға сенсек, тәуелсіздік алғалы бері аймақта 2200-ден астам адам жаман дертке шалдыққан. Соның 169-ы жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына жетсе, 639-адам осы дерттен көз жұмыпты. Сондықтан, ақ халаттылар тұрғындардың дер кезінде тексерістен өтуді сұрайды.
Нұржан Сәдірбай, Кәмила Салқымбаева, Қостанай облысы.